Ел жаңалықтары

Алматының туған күні: қала жайлы қызықты деректер

  • Алматының туған күні: қала жайлы қызықты деректер

    Алматының туған күні: қала жайлы қызықты деректер

Жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қазақстанның бұрынғы астанасы – Алматыда қала күні тойланады

Қаланың биылғы мерейтойы 20 қыркүйекке түсіп отыр. Биыл қала күні елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматта тойланады. Қала жайлы қызықты деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Алматы – Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан қала. Кей деректе біздің заманымызға дейінгі 7 ғасырларда бұл маңды сақтар, кейіннен үйсіндер мекендегені туралы дерек бар. Себебі сол кезеңнен көптеген қорған мен қамал сақталған. Алматы маңы Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" соның бірден бір дәлелі.

Одан кейінгі 10-14 ғасырларда осы аймақтағы қалалар Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда-саттыққа ілініп, қолөнер мен ауылшаруашылығының орталығына айналған. Алғашқы Алматы атауы жазылған заттар да осы кезеңге тиесілі. Алайда Ұлы Жібек жолының ыдырауына байланысты қала өмірі де құлдырай бастайды.

Верныйдан Алматыға дейін

Қаланың жаңа тарихы Ресей үкіметінің 1854 жылы Верный әскери бекінісін құруымен байланысты. 1855 жылдың ортасынан бастап бекініске орыс қоныс аударушылары келе бастады. Олардың келуімен Верный қарқынды дами түсті.

 

1865 жылы он бірінші сәуірде Верный бекінісінің атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы болды. Алайда дәл осы жылы "Дала комиссиясының" шешімімен бұл атау өзгертіліп, Верный қаласы болып ауысты. Қала атауын алған Верный Вернинск уезі мен Жетісу ауданының орталығы болды.

 

Алматы алманың отаны саналады. 1921 жылы Верный атауы Алма-Ата деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бес жыл өткен соң қалада Түркістан-Cібір теміржолы салынатын болды. Түркісіб құрылысы бұл қаланың Қазақстанның астанасы болуға ықпал етті.

Осылайша, 1927 жылы екінші наурызда ҚазАКСР астанасы Қызыл-Ордадан Алматыға көшірілді.

 

1935 жылы Алматы әуе жолы ашылып, Мәскеумен әуе арқылы байланысқа шықты. Бұл Орталық стадион ауданындағы шағын аэродром болатын. Ал қазіргі Алматы халықаралық әуежайы Майлин көшесі, 2 мекенжайында орналасқан. Ол 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл әуежайдың құрылысы ескі аэропорт ғимараты 1999 жылы өрттен кейін 2000 жылы басталды. Алматы әуежайынан әлемнің 55-тен астам қалаларына тұрақты рейстер бар.

 

Тәуелсіздік жылдарындағы Алматы

Алматы атауы қалаға 1993 жылы берілді. Ал Қазақстанның тұңғыш президенті шешімімен 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) ауыстырылды.

"Алматы – тәуелсіздігіміздің бесігі болса, Астана – болашағымыздың бесігі. Мен Алматыны жер жүзіндегі ең әдемі қала деп білемін. Оның тамылжыған баулары мен жайнаған парктерін, көкке шаншылған Тянь-Шань шыршаларын, "Көктөбе шамшырағын" және басқа да талай ғажайыптарын ұнатамын… "Дербестік!" деп шыққан дауыс алғаш Алматыда естіліп, Алматыда сезілді", - дейді Назарбаев ел астасының ауысуы жайлы.

 

Алматы қаласы сегіз ауданнан тұрады: Алмалы, Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Наурызбай, Медеу, Түркісіб.

 

Алматы қаласының әкімдігі 20 басқармадан тұрады: қалалық мобильділік, білім, спорт, қоғамдық денсаулық сақтау, дін істері, жер қатынастары, әлеуметтік әл-ауқат, қоғамдық даму, мәдениет, қала құрылысын бақылау, туризм, тұрғын үй саясаты және т.б.

Қала басшысы – әкім. Оны мемлекет басшысы тағайындайды. Қала әкімінің бес орынбасары бар. Қазір бұл қызметті 2019 жылдан бері Бақытжан Сағынтаев атқарып келеді.

Тәуелсіздік жылдары қалада жеті әкім ауысты. 1992-1994 жылдар арасында – Заманбек Нұрқаділов, 1994-1997 жылдары – Шалбай Құлмаханов, 1997-2004 жылдары Виктор Храпунов, 2004-2007 жылдары – Иманғали Тасмағамбетов, 2008-2015 жылдары – Ахметжан Есімов, 2015-2019 жылдары Бауыржан Байбек әкім болды.

Алматы мәртебесі туралы заң

1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Соған сәйкес, Алматы қаласы республикалық маңызы бар қала болып табылады. Сонымен қатар Алматы қаласының өз елтаңбасы бар, ол қаланың ҚР мәдени, саяси, экономикалық және ғылыми орталығы ретіндегі ерекшеліктерін, сондай-ақ, географиялық орналасқан жері мен қоршаған ортасының ерекшеліктерін бейнелейтін нышаны болып табылады.

Заң бастапқыда сегіз баптан тұрды, қазір оның тең жартысы алынып тасталды. Заңда қала мәртебесінің құқықтық негізі, Алматы қаласының аумағы, өкілді органның өкілеті мен қаланың атқарушы органдарының өкілеті көрсетілген.

Алматы қаласының елтаңбасы

Қаланың елтаңбасы 1992 жылдың мамыр мен тамыз айлары аралығында өткен байқаудың нәтижесінде таңдалды. Оның авторы – Шәкен Ниязбеков. Оның жасаған жобасы 1993 жылы 6 шілдеде Алма-Ата қаласы халық депутаттары кеңесінің қаулысымен қала елтаңбасы болып бекітілді.

Алматының баурайыда Іле Алатауының ұлттық паркі бар, ол жерде көптеген қорық орналасқан. Ішінде сирек кездесетін құстар мен аңдар Қызыл кітапқа енгізілген. Оның арасында Алматының елтаңбасында бейнеленген барыс та бар.

Елтаңбаның алдыңғы қатарында дөңгелек шығыс қал­қаны түрінде, барыс аузымен тістеген алма бұтағында сегіз алма (алғашқы нұсқасында тек 6 алма болатын) түсіндегі байламды ұстаған барыс бейнеленген. Сегіз алма қаланың сегіз ауданын көрсетіп тұр.

Елтаңба сипаттамасында тіршілігіне сенімді барыс алға қарай адымдайды, оның оң табаны алға қарай келесі қадамды жасау үшін көтерілген, алайда, бұл жағдайда барыстың басы артқа бұрылған. Бұл қаланың ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі даму сабақтастығын көрсетеді. Артқы қатарда құдыретті Алатаудың қарлы шыңдары бейнеленген. Осы құтты жерде Алматы қаласы орналасқан. Бүкіл елтаңбаның діңгегі көгілдір түс – Қазақстан Республикасы туының түсі болып табылады. Шеңбер әшекейлі жолақ ленталар­мен және шаңырақтың элементтері уықтың ұясымен кескінделген. Алтын түс аясында сақина бойынша қызыл түспен қазақтың ұлттық өрнегі бейнеленген. Өрнек "Алматы" сөзіндегі қаріптермен қабысады.

Қаланың елтаңбасы алтын, қызыл, көк, ақ, қызғылт және күміс түстермен нақышталған.

2010 жылы 22 қаңтарда Алматы қаласы мәслихаты XXV сессиясының "Ал­маты қаласының елтаңбасы туралы" шеші­мімен Алматы қаласы елтаңбасын қолдану ережелері бекітілген.

Тыныс-тіршілігі

Мың бояулы қаланы "Оңтүстік астана" деп те атайды, арасында жастардың қаласы деп жатады. Себебі жыл сайын республиканың барлық өңірінен мыңдаған талапкер білім алу үшін алып шаһарға келеді.

Ал қаладағы ең алғашқы жоғары оқу орны Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты 1928 жылы ашылды.

Сонымен қатар қалада республикадағы ең ірі театрлар орналасқан. Олар. Абай атынағы опера және балет театры, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов мемлекеттік театры.

Ал қала метросының құрылысы 1988 жылы басталған болатын. Алайда Кеңес одағының ыдырауынан метро құрылысы тоқтап қалды. Құрылыс жұмыстары тәуелсіздік алғаннан кейін 2003 жылы қайта жандана бастады. 2011 жылы Алматы метросы салтанатты түрде ашылды.

Метроның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ол Алматы метрополитенінің пайда болуы автобус маршруттарының қысқаруы ғана емес, бұл көліктің жаңа мәдениетін игеру екенін атап өтті.

Сол күні Елбасы метро вагонымен Райымбек батыр станциясынан Алатау станциясына дейін метро түннелі арқылы барлық станцияларды қарап шықты.

 

Тағы бір тарихи оқиғалардың бірі – 2011 жылы VII қысқы Азия ойындары. Спорт ойындары қаланың орталығында орналасқан Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында, "Медеу" кешенінде, "Шымбұлақ" тау базасында өтті. Сол жылдары қалаға алпыс мыңнан астам турист келді.

 

 

2017 жылы Алматыда 28-ші қысқы универсиадаға 57 елден келген екі мыңға жуық спортшы қатысты.

 

Мың бояулы қала

2020 жылдың басындағы дерек бойынша қалада 1 916 822 адам тұрады. Жыл сайын тұрғындар мен қала қонақтары қала күнін салтанатты түрде атап өтеді. Алайда биыл қала күніне орай іс-шараның барлығы онлайн түрде өтеді.

"Құрметті алматылықтар! Пандемия бізге сақ болуды, санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтап, жаңа толқынға дайын болуды үйретті. Қазіргі қалыптасқан жағдайда адамдар дәрігер мен ұстаздың, полиция мен әскери қызметкердің еңбегін бағалай бастады. Олардың алдында бас иеміз. Алматылықтар, әдеттегідей, өздерінің ең жақсы қасиеттерін паш етіп, ерік-жігері мен төзімділігін, бірлігін көрсете білді. Туған күніңмен, сүйікті қалам!", - деп жазды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алматының жер аумағы – 682 мың шаршы метр. Қалада қазақ, орыс, ұйғыр, корей, татар секілді көптеген ұлт өкілдері тұрады. Қала коды +7 7272; Пошта индекстері: 050000–050063, автокөлік коды – 02.




Көрілген: 472    Пікірлер: 0

жексенбі, 20.09.2020, 15:08

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31