"Аман қалғанымызға шүкір": Митингіге шықпақ болған Индира Расылхан жол апатына ұшыраған

19 қаңтар 2022, 16:19

Индира Расылхан 5 қаңтарға қараған түні Шымкенттен Алматыға барар жолда жол апатына ұшырады. Сол күні елмен бірге бейбіт митингіге шықпақ болған әнші бүгінде аман қалғанына шүкіршілік етуде. Әнші оқиғаның қалай болғанын Instagram-дағы парақшасында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
"Аман қалғанымызға Аллаға шүкірлік еттім. Осы жолы елге барғанымда көптеген сынақ болды, СубханАллаһ!" - деп бастады сөзін Индира. 

Әнші 4-ші қаңтар күні Шымкентке тойға ұшпақ болған. Ұшаққа билетті де бір ай бұрын алғанын айтады. Алайда уақыт таяғанда танысы қайтыс болып, Индираның анасы да жолға шығуға бел байлайды. Анасын көлікпен жалғыз жібергісі келмеген әнші ұшақтан бас тартып, онымен бірге шығады. Шымкентке аман-есен жетіп, тойды өткізген соң, түнделетіп кері қайтпақ болады. Сол күні елдің шеруге шыққанын естіген Расылхан митингіге қатысамын деп шешкен. Алайда бұл ойы жүзеге аспады. Себебі жолда апатқа ұшырады. 

"Түнгі сағат 3-тен асқанда көлікке отырдық. Көліктің артында екі әйел, одан кейінді қатарда, мамам және әпкемнің ұлы үшеуміз, алдында жүргізуші мен бір жігіт отырды. 

Көлікке отыра салып ұйықтап кетіппіз, қатты соққының дауысынан шошып оянып кетіп, көліктің бағыты басқа жаққа бара жатқанын көріп, барымызша қатты ұстануға тырысып, айқайдан басқа шара болмады. Оянып кеткендегі бірінші сөзім “СубханАллаһ” болды. Көлік былай да, былай да шайқатылып барып, жолдың шетіне тоқтады. 

Бәріміз шуылдасып, “не болды, не қақтыңыз? “ деп жамырап жаттық. Көлік жүргізушісінің аузынан  сөз шықпайды. 
Шуылдасып қайта-қайта сұрап жатқан соң: “Адам қақтым” деді. 
“Айдалада қайдан жүрген адам? Неге олай болды? Жолдың жиегіндегі адамды байқамай қалды ма?” деген сұрақтарды жаудырдық. “Ол жолдың тура ортасында тұрды” деді. 

Содан бір жарым сағаттан астам уақыт, суық көліктің ішінде отырып қалдық. 

Анам өте қатты жаурады. Курткамның алдын ашып арқасын кеудеме қысып отырдым. Жол полициясы келіп бәрін қарап, өлшеп, бізді кері қайтуымызға болатындығын айтты. Алдында отырған жігітті алып қалды. Ары қарай кете беретін мамамда хәл жоғын көрдім. Давлениесі де көтеріліп кетті, жаурағаны бар, жол жүруге шамасы келмеді. 

Түлкібасқа қайта келдік те, ұйықтадық. Бұл хикаяның басы ғана.
Менің осы жердегі алған ғибратым, Алла бізді көлік апатынан қалай сақтаған болса, көтерілістегі жағдайлардан да солай сақтады. Кім біледі, жазықсыз кеткендердің ішінде мен де болар ма едім? Алла білуші!" - деді Индира Расылхан.

Әнші бұған дейін митинг кезінде өзге елде қалған балаларына жете алмай қалғанын айтқан еді.