Ел жаңалықтары

Ант беру рәсіміндегі абыройсыздық: элита мен истеблишмент қазақтілді ортамен санаса ма?

  • Ант беру рәсіміндегі абыройсыздық: элита мен истеблишмент қазақтілді ортамен санаса ма?

    Ант беру рәсіміндегі абыройсыздық: элита мен истеблишмент қазақтілді ортамен санаса ма?

Парламенттегі кезекті сайлау қоғамды ширатып, билік органдарына деген талапты бұрынғыдан да күшейткендей болды. Сарапшылар сайлаудың қандай сценариде өтетіні алдын ала белгілі деп жатты. Бірақ, қоғам сайлаудың қорытындысын емес, одан кейінгі қадамдардың қалай болатынын күтті. Парламенттің табалдырығын аттамай жатып, қонақ үйлерге жайғасқан кандидаттардың жататын орнына кеткен мемлекет қаржысың көлемі жария болды. Ал салтанатты ант қабылдау рәсіміндегі казустар, әсіресе қазақтілді ортада қызу талқыланды. Төрт сөйлемді жаттап айта алмаған депутаттар туралы келеке видеороликтер мен жазбалар әлеуметтік желілерде кең тарады.

Azattyq Rýhy тілшісі қазақтілді ортаның қазіргі әлеуеті мен оның қоғамдағы орны туралы белгілі мамандар мен тіл саясатына араласып жүрген қоғам қайраткерлерінен сұрап білді. Саясаттанушы Әзімбай Ғали қазақтардың қазір қалалық жерлерге көптеп шоғырлануы тіл саясатын қайта қарауға итермелеп отыр дейді. Оның сөзінше, түбегейлі өзгеріс болмаса да, қоғамда бұқараның ұлттық құндылықтар мен тіліне деген бетбұрысы қатты байқалады.

«Жалпы, қазақтың 60 пайызы қалада тұрады. Қала жұртшылығы дегенде 2 миллиондық Алматы, 1 миллиондық Нұрсұлтан және Шымкентті айтуға болады. Қалалықтар кірпияз болады. Жалпы әлемде солай. Ауыл адамадарын жергілікті әкімдіктер елемей, кейде өз үстемдігін жүргізеді. Ал қала жұртшылығы өз талабын жеткіземін дес, оған ресурстар жеткілікті. Саяси талап та, әкімшілік талаптар да қойылып жататыны содан. Қазақтың қазір қалаға көбірек шоғырлануына байланысты талапшыл, соның ішінде саяси ашық пікір айтатын ұлтқа айналып барамыз. Оның үстіне, бұрын қазақ аз десек, қазір жалпы халықтың 70 пайызынан асқандықтан батылырақ болдық. Сондықтан бірқатар өзгеріс, саяси сауаттылық та қазақтың басына келді. Осыған байланысты жаңа сипаттар пайда болды», - дейді Әзімбай Ғали.
ҚАЗАҚЫЛЫҚҚА БЕТ БҰРУ ПРОЦЕСІ ТАБИҒИ ЖОЛМЕН ЖҮРІП ЖАТЫР

Саясаттанушы осы күнге дейін элита мен истеблишмент қазақ тілді ортамен санасқан жоқ деп есептейді. Айтуынша, олар бір жақта, халық екінші жақта өмір сүріп келген. Элита мемлекетті сақтап, әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қамтамасыз етіп, халыққа жағдай жасап жатырмыз дегендей көңіл күйде болған.

«Қоғам дамуында белгілі бір белсенділік, стадиялық күшеюі болып тұрады. Бір кезде халық басылып, үндемейді. Сосын бір кезде көтеріліп, шәлкес мінез көрсететін кезеңдері болады. Алда біз бұл феноменмен бетпе-бет келеміз. Элита мен истеблишмент көңілі бір жақта болды да, қазақ қоғамы өзінше өмір сүрді. Элита мен истеблишмент тіл мәселесін көтергісі келмейтін. Қазақ оларға қолын бір сілтеп, өзі әрекет жасады. Байқасаңыз, ел тұрғындары баласын қазақ мектебіне бере бастады. Бұл қазақ қоғамының, қазақтілді ортаның үстемдігінің белгісі. Мысалы, орта буын бұрынғы орыстанған, коммунистік тәрбие алған үлкендерден сұрамай-ақ, баласын қазақ мектебіне беріп жатыр. Осы үрдіс бар қазір. Интеллегенцияны былай қойғанда бұқарада осындай бір бетбұрыс басталды. Сондықтан қазақтың қазір 92 пайызы балаларын қазақ мектебіне бергісі келеді. Енді тым орыстанғаны 8 пайыз ғана қалды. Бұл бізге қауіп емес. Тамыз айында балаңды қазақ мектебіне бер деп айқайлап жатқан үкіметті көріп отырған жоқпыз. Бірақ табиғи жолмен «қазақтану» процессі жүріп жатыр», - дейід Ә.Ғали.

ЕЛДЕГІ ӨЗГЕ ҰЛТТАРДЫҢ 49 ПАЙЫЗЫ ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕҢГЕРГЕН

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қаба қазақ ұтының саны жағынан артуына байланысты қазақтілді қоғамның талап-тілегі ескеріле бастады дегенді жоққа шығармайды. Шенеунік екі ауыз сөзді жаттап, салтантты жиында кеудесін көтеріп тұрып айта алмаған депутаттарды сынға алды. Халық аманатын арқалап келіп, мінберде сөзден тосылғандары өзгеге өнеге емес. Алдағы уақытта бұл сорақылық тілді білмегендердің қазақ қоғамында ылғи сүрініп отыратынын білдіреді, дейді комитет төрағасы.

«Бір жағынан олардың (Мәжіліс депутаттары &ndash авт.) қалай дегенде де мемлекеттік тілде ант беруге ұмтылысын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, бір-екі ауыз сөзді жаттап алуға болар еді. Бұлар халықтың аманатын арқалап келген соң, ол салтанатты рәсім болған соң, қай тілде болса да ант мәтінін нақты және анық етіп айтуы қажет еді. Өйткені оны халық көріп отыр, оларға сенеді, өздеріне өнеге тұтады емес пе?» - дейді Ә.Қаба.
Жақында ғана мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында мемлекеттік тілді білу &ndash Қазақстанның әрбір азаматының парызы деді. Мұның өзі тілге деген сұраныстың көбірек екенін, ескерілетінін айтып тұр. Былтыр Тіл комитеті елде тілді меңгеруге қатысты әлеуметтік зерттеу жүргізді. Оның қорытыныдысы қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналып келе жатқанын көрсетті, дейді министрлік өкілі.

«Біз 2020 жылы тілді меңгеруге қатысты әлеуметтік зерттеулер жасадық. Қазақ тілін орыстардың 45,3 пайызы, өзге ұлт өкілдерінің 49,3 пайызы меңгергені белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, сауалнамаға қатысқан 10 мың адамның ішінде қазақтардың &ndash 50,7 пайызы, орыстардың &ndash 22,3 пайызы, өзге ұлт өкілдерінің 18,6 пайызы қазақша еркін сөйлейді, жаза алады. Осыдан шығатын қорытынды &ndash қазақ тілініде еркін санаушылар күн санап өсіп келеді. Бұл жерде қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айнала бастағанын көрсетеді», - дейді Әділбек Қаба.
«ШЕНЕУНІКТЕР ТІЛДІ ЖАНЫ АШЫҒАННАН ЕМЕС, ПОПУЛИСТІК ПИҒЫЛЫ ҮШІН ҮЙРЕНЕДІ...»

Белгілі қоғам қайраткері, ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі Амангелді Айталы қазақ қоғамының белсенділігі артқанын растап отыр. Бірақ қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп келеді деп айтуға әлі ерте дейді. Оның пікірінше, мемлекеттік органдар жетекшілерінің тілге жанашырлықпен емес популистік көзқараспен қарауы басым.

«Қазақ тілін сыйлайды, қазақтілді ортамен санасады деп айту қиын. Ол санасу мен сыйлау белгілі бір деңгейде ел ішінен ши шықпасын, артық сөз болмасын дейтін оймен билігін сақтап қалатындар әрекеті. Себебі қазақты, қазақ халқының беделін, тілін сыйласа, қазақ парламентінде өткендегідей келеңсіз жағдай болмас еді. Біздің мемлекеттің жалпы саясаты қазақ тілін өркендетуге жұмыс істей алмай отырғаны өкінішті. Шенеуніктердің қазақ тіліне келгенде тілі тәтті, ананың сүтімен, әкенің қанымен деп сөйлегенде жүйрік, бірақ қазақ тіліне көпшік қойып елді біріктіретін тіл болуы керек деп айтып жатады. Олардың барлығы популистік әңгімелер. Шын мәнінде, қазақ тіліне шын жаны ашитын тұлғалар әлі билік басына келеді деп үміттенемін. Біздің елде біз көптілді елміз, көптілді халықпыз деген психология қалыптасты. Осының өзі қазақ тілін дамытуға кедергі келтіріп, оның мәртебесіне шектеу қойып отыр. Қазіргі коммунистік тәрбие алған орта толық ауыспай, руханиятқа салынған тұсау бізді арыға аттатапайды», - дейді А.Айталы.
Ақпарат үшін:

Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, шаһарда қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны артқан. Соңғы бес жылда мұндай оқушылар 35 мың балаға артқан. Ал тек мемлекеттік тілде білім беретін мектептер саны 7 оқу орнымен толыққан.

2015 жылы &ndash 63 мектеп
2016 жылы &ndash 65 мектеп
2017 жылы &ndash 66 мектеп
2018 жылы &ndash 67 мектеп
2019 жылы &ndash 69 мектеп
2020 жылы &ndash 70 мектеп
2015 жылы &ndash 95 665 оқушы
2016 жылы &ndash  103 820 оқушы,
2017 жылы &ndash 110 150 адам,
2018 жылы &ndash 117 070 адам,
2019 жылы &ndash 125 978 адам
2020 жылы &ndash 130 935 адам
Ришат Асқарбекұлы, Алматы




Көрілген: 738    Пікірлер: 0

бейсенбі, 21.01.2021, 01:44

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    наурыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31