Антикор қызметкеріне қатысты тергеу қалай жүріп жатқанын айтты

07 наурыз 2022, 14:04

7 ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейін күдікті ауруханада жатыр
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерінің заңсыз іс-әрекеттері фактісі бойынша қызметтік тергеу барысы жайлы түсініктеме берді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұйрығына сәйкес, агенттіктің жеке қауіпсіздік департаменті Жезқазған өңірі бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының аға офицері Д.Т. Кудикеновтің заңсыз іс-әрекеттері бойынша қызметтік тергеу жүргізуде.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігі (мас күйінде ЖКО жасау), 611-бабы 2-бөлігі (ЖКО орнын қалдыру) және 613-бабы 1-бөлігі (көлік құралын тоқтату бойынша полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау) бойынша Д.Т. Күдекеновке қатысты әкімшілік материалдар қарастырылуда.
2022 жылғы 7 ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Д.Т. Кудикенов "Пневмония" диагнозымен ауруханада жатыр.
Осыған байланысты, "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 58-бабы 4-тармағына сәйкес Д.Т. Кудикеновке қатысты қызметтік тергеу тоқтатылды.
Ол жұмысқа шыққаннан кейін қызметтік тергеу қайта басталып, Д.Т. Кудикеновке қатысты тиісті шешім қабылданады.