"Әр екінші отбасы аштықтан қиналады": Жамбыл облысында тұрғындар егістік суаратын судың жоқтығына шағымданды

02 маусым 2022, 11:48

Жамбыл облысында бірнеше ауылдың тұрғындары үш жылдан бері егістік суаратын су жоқ екенін айтып шағымданды. Сөздерінше, су биыл да болмаса, әр екінші отбасы аштықтан қиналуы мүмкін, деп хабарлайды KТК арнасы. 

Шу ауданының тұрғындары осымен үшінші жыл егістікте су жоқ екенін айтады. Себебі жаңа арық салу кезінде ескісін жауып тастаған. Бастапқыда су келетініне қуанған олар жазда егістіксіз қалуымыз мүмкін дейді. 

"Бізде екі арық бар. Біреуінің ұзындығы 11 шақырым. Екіншісі 16 шақырым болатын Андреевск арығы. Екеуі де жабық, су келмегі үшінші жыл. Біздің егістігіміз, бау-бақшамыз қурап қалды. Барлығы біздің мәселені біледі, бірақ шара қабылдамайды", – деді Бөлтірік шешен ауылының тұрғыны Әлжан Кебісбаев. 

Су болмағандықтан мың гектардан аса жер бос тұр екен. Ал шенділер халықтың мәселесін білсе де, шешіп беруге асықпайды.

"Олар жаңа нәрселерді салып жатыр, ал біз әлі сусыз отырмыз. Бастапқыда түркиялық компания арық құрылысын жүргізген. Бірақ сапасыз, бетоны опырылып жатыр. Қазір арықты басқа компания салып жатыр, алайда тағы да сапасыз", – деп қосты Құдайберген Шонаев.

Құрылыс тендері 2019 жылы өтіп, түркиялық компания расымен жеңіп алған екен. Бастапқыда жұмыс жақсы жүрген, бірақ кейін үкімет келісім шартты бұзған. Қазір компаниямен соттасып жатыр. 

"Тұрғындар жаңа арық құрылысының аяқталуын күтеміз деген. Білуімше, түркиялық компания 3 миллиард 750 миллион теңгеге тендер жеңіп алған. Бірақ құрылыс мерзімін созып жібергендіктен, келісімді бұзуға тура келді", – деді "Қазводхоз" республикалық мемлекеттік кәсіпорын басшысы қазыбек Бедебаев. 

Арық құрылысын қазір ирандық компания жүргізіп жатыр. Алайда жұмыс сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Ал компания өкілдері арық арқылы суды тек келесі жылдың күзінде жіберуге уәде берді.