Арыстанбек Мұхамедиұлының қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады

17 мамыр 2022, 18:47

Желіде Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының қайтыс болғаны туралы ақпарат пайда болды. Музейдің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай Instagram желісіндегі парақшасында бұл қауесетті жоққа шығарды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кaz.nur.kz-ке сілтеме жасап.

"Бұл ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын хабарлай отырып, жеке тұлғаның өмірі жайлы жалған мәлімет тарату, бұқара халыққа теріс ой салуға әрекет ету қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз. Құрметті достар! Фейк аккаунтпен әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратпауға, тек ресми дерек көздеріне сенуге шақырамыз", - дейді Айдар Қырықбай.

 

Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық музей басшылығы мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлаған болатын.

 

Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Сондай-ақ 16 мамырда музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының ауруханада жатқаны белгілі болды. Сол арада Мұхамедиұлы өзіне қол салмақ болды деген ақпарат та тарады. Алайда Ұлттық музейдің баспасөз қызметі бұл хабарды жоққа шығарып, ол аяғын емдету үшін ауруханаға жатқанын алға тартты.