Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің екіге бөлінуіне қатысты пікір білдірді

12 маусым 2022, 20:23

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің екіге бөлінуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
Оның айтуынша, бұл шешім Білім және ғылым жүйесін одан әрі дамыту үшін маңызды болып табылады әрі осы саланы дамытуда Президенттің алға қойған міндеттеріне назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Президент Жарлығымен Оқу-ағарту министрі болып тағайындалдым. Бұл - мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру, сондай-ақ инклюзивті білім беру мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін қамтитын үлкен сала. Осы бағыттарды одан әрі дамыту үшін алда бірқатар міндет тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Президенттің тікелей қолдауының арқасында көп жұмысты, соның ішінде педагогтердің, оқытушылардың жалақысын көтеру, саладағы ашықтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттыру бойынша жұмыстарды шешуге мүмкіндік болды. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасын табады. Жұмысымызда тиімділікті, әділдікті және ашық болуды қамтамасыз ету негізгі бағыт болып қала береді. Дегенмен қоғаммен бірлесіп шешетін күрделі мәселелер де жоқ емес. Проблемалар бар. Біз жаңа идеялар мен конструктивті сынға ашықпыз», - деді Асхат Аймағамбетов.