Асхат Шахаров: Ең басты мақсатым – Ақтөбені ақтөбеліктер үшін жайлы, ыңғайлы қала ету

16 желтоқсан 2021, 16:06

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері көптеген қалалар өсіп, өркендеп дамыды, экономикалық, әлеуметтік жағынан әлеуеті арта түсті. Сондай жауһар шаһарлардың бірі – Ақтөбе. Биыл Ақтөбе қаласында біршама оңды өзгерістер, халыққа пайдалы игі істер атқарылды. Осыған орай және Тәуелсіздік мерекесі тұсында Stan.kz тілшісі қала әкімі Асхат Шахаровпен биылғы атқарылған істер мен өзгерістер жөнінде сұхбаттасты. 

– Асхат Берлешұлы, биыл атқарылған іргелі істерді айтып өтсеңіз. 2021  жылды қалай қорытындылайсыз?    

– Біз жыл басында әрбір істейтін ісімізді жоспарлап нақтылап аламыз. Сол жоспар бойынша сарапқа салып, әр уақыт сайын саралап, халықпен кездесулерде толықтырып отырамыз. Биыл барлығы 21 кездесу ұйымдастырылды. Осының бәрінде қала тұрғындарының түйіткілді мәселелері айтылды. Біз өз тарапымыздан бұларды оңтайлы шешуге тырыстық. Әрине, мұның бәрі қаражатты, уақытты талап етеді. Халықтың жағдайын жасауға Республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді. Барлық мәселе ретімен шешіліп келеді. Қаламыз күннен-күнге кеңейіп аумағы бірнеше есеге өсті,  халық саны да артты. Қазіргі кезде қалада 53 тұрғын үй аймағы бар. Оның 33-і толықтай инфрақұрылыммен қамтылды. Тұрғындарымыз үйдің жанында мектеп, балабақша болса, жұмысқа қатынайтын қоғамдық көліктің сапасы жақсы болса дейді. Алдағы уақытта қалған тұрғын үй аймақтарының мәселелерін толықтай шешсек деген ойдамыз. Сонда ғана жағдай жоспар бойынша толықтай жүзеге асырылады. Жылдың басында облыс әкімінен қала шетінде тұратын тұрғындар орталыққа келіп уақыт жоғалтпас үшін қаланың әр бөлігінде скверлер, демалыс аймақтары болуы тиіс деген тапсырма алдық. Биыл жыл соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтадық. Соңғы 30-40 жылда жөнделмеген аула аумақтарын да абаттандырдық. "Таза қала" серіктестігі 2018 жылы банкротқа ұшырағалы бері шаһарда қоқыс мәселесі пайда болды. Бүгінгі таңда осы мәселенің шешімі табылып келеді. Биыл қалаға картон, пластик, шыны сияқты үйден шыққан қоқысты сұрыптап салуға арналған жәшіктер мен арнайы техникалар әкелінді. Алғашқылары  "Нұр Ақтөбе" шағын ауданына қойылды. 

– Биыл қанша инвестициялық жоба жүзеге асырылды?

– Егер негізгі капиталға құйылған инвестиция 2020 жылдың 11 айында 187,6 млрд теңге болса, биыл 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға тартылған инвестиция 247,9 млрд теңгені құрады. Яғни, бұл дегеніміз өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 60,3 млрд теңгеге артық екенін көрсетеді. Қаламызда үлкен өндіріс орындары жақсы қарқында жұмыс жасап тұр. Өзіміздің кәсіпкерлердің салықтық емес түсімдерімен қаламызды толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. 
 

– Веложолдар қаланың қай аумағын қамтиды?

– Иә, веложолдар біздің бастапқы жобамыз. Мамандар толықтай зерттеп айналысты. Қаламызда  велосипедшілер өте көп. Салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрған велоқозғалыстар, велоұйымдар бар. Қала жолдарында  ешқандай мүдделер қақтығысы болмау керек, біз ол үшін жұмыс жасайтын  боламыз. Барынша қаланың барлық аумағын қамтығалы отырмыз. 52 шақырым веложол саламыз.
Бастапқы 15 миллион теңгеге жұмысты бастадық. Келесі жылы толықтай аяқтаймыз.
Сонымен қатар, қаланың өзінде, аумағындағы жаңа тұрғын алапиарында жаяу жүргіншілер жолдарын да реттеп алуымыз керек. Биыл біраз жұмыстар атқарылды. Келесі жылы жалғастырамыз. 

– Ақтөбеде соңғы уақытта жиі айтылып жүрген қоғамдық көлік мәселесі толықтай шешілді ме?

– Шыны керек, автобус мәселесі толықтай шешілмей тұр. Мемлекеттен қолдау соңғы рет 2016 жылы болды. Ең бірінші тарифті өсірмеу мәселесіне тыйым салынды. Яғни, тариф өспесе автобустар паркін дамытуға, сапасын арттыруға ешқандай мүмкіндік жоқ. Екіншіден, біз тыйым салсақ, субсидия ретінде бюджеттен қаржылық жағынан көмек беруіміз керек. Қазіргі таңда субсидия мәселесін мәслихатқа ұсындық. Соңғы рет қоғамдық көоік саласына мұндай қолдау 2016 жылы болған екен. Биыл біз осы субсидия төлеу және мүмкіндігі шектеулі жандардың, зейнеткерлердің жеңілдетілген жолақысын компенсациялау мәселелерін шештік. Біздің биыл жан-жақты қолдап бастағанымызды көріп, Ақтөбеге алматылық "Қала транс" компаниясы шақыруымызды қабыл алды. Олар күзде жаңа 32 автобусты алып келді, енді жақында тағы 70 жаңк автобус келеді деп күтіп отыр. Зауытқа тапсырыс берілген. 
Сондай-ақ биыл электрондық билеттеу жүйесі енгізілді, ол бүгінде қалалық бағыттағы қоғамдық көліктердің барлығында жұмыс істейді.  Электронды билет қолма-қол қаражатты көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік береді. Бұл 60-80% тозығы жеткен автобустар паркін жаңартуға да септігін тигізеді. 

– Қаламызда тұрғындарды үймен қамту мәселесі қалай?

– Қазіргі таңда 26 мың тұрғын тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл сайын екі мыңға жуық пәтер тапсырылып отыр. Оның 5-10%-ы мұқтаж жандарға беріледі.
Бұдан бөлек, “Бақытты отбасы", "Шаңырақ" бағдарламалары, кейін сатып алу құқығымен жалға алу,  "Отбасы банк" желісі бойынша да жұмыс жасап жатыр. Және құрылыс компаниялары да банктермен бірлесе отырып, тұрғындарға жақсы жеңілдіктер мен мүмкіндіктер беріп отыр.

– Қала әкімі ретінде қандай арманыңыз бар?

– Қаламыз қала тұрғындары үшін жайлы болса екен… әлі де кезек күттірмей шешілуі тиіс мәселелер бар. Сол түйіткілдердің барлығын тарқатып шешсек дейміз. Ең бастысы қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы қала етсек деген арман бар.  Шаһар гүлденіп көркейсе, әрбір тұрғынға жайлы орта сыйлай алсақ, сол еңбегіміздің жемісі деп білемін. Осы мақсатта тыңбай еңбек етеміз. 

– Өмірдегі жарқын бейнеңіз, спорттағы жеңістеріңіз - тәуелсіз еліміздің жастарына үлгі-өнеге. Жастарға айтар кеңесіңіз? 

– Боз кілемде соңғы рет 2005 жылы бақ сынадым. Содан кейін спортпен қоштасып, қоғамдық жұмыстарға араластым. Мемлекеттік қызметке 2013 жылдан бастап келдім.  Өмір – өзін-өзі шынықтырып, сынаумен,  жетілуден тұрады. Адам өзін-өзі шыңдамай  күнделікті бір сарынмен жүре берсе,  ешқандай нәтиже болмайды. Шыңдалған, қайралған, алдаспандай әбден бабына келген азамат қана нәтижеге жетеді. Өмірде үлкен жетістікке жеткен адамның артында төккен тер, еткен еңбек, ұйқысыз өткен күндер мен түндер тұрады. Адамды - ұшпаққа алып шығатын, жетістікке жеткізетін, ел алдында азаматтық беделін арттыратын -  еңбек. 
Жастарға айтарым, қазір заман өзгерді, барлық  жағдай  жасалды.  Қандай жарысқа шықса да мемлекет тарапынан қолдау бар.  Біз Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне, қарыштап дамуына еңбек етіп жатырмыз. Жастар осыны сезінсе екен, Тәуелсіздікті қадірлесе екен деймін. Себебі, Егемендікті ұстап қалу - ұрпаққа сын. 

– Тәуелсіздікке мерекесіне орай айтар тілегіңіз.

– Қазақстан алғаш тәуелсіздігін алып, еркіндігін жариялаған кезде мен  мектеп қабырғасындағы бала едім. Сол кездері алғаш рет Ресейге үлкен халықаралық додаға бардым. Онда әлемнің төрт бұрышынан спортшылар келді. Жаңа тәуелсіз еліміздің өз гимні шырқалды, өз туы көтерілді. Сол сәтте мен Тәуелсіздіктің не екенін санаммен, жүрегіммен сезіндім, тәуелсіз ел екенімізді, төрт құбыламыз тең екенін түсіндім. Өз еліңнің намысын қорғап, халықаралық додаға түсу ол спортшыға үлкен рух сыйлайды. 
Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Оны спорттан кейін ел ісіне араласқан азамат ретінде жақсы сезінемін, кеудемді елім үшін мақтаныш сезімі кернеген сәттерді бастан өткердім. Әр азамат осы сезімге бөленсе екен. Біздің істеп жатқан кішкентай ісіміз халық пайдасына жараса, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес болып қосылса, ел алдындағы,  мемлекет алдындағы азаматтық парыздың өтелгені. 
Жаңа ғасырда қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай! 

– Сұхбатыңызға рахмет!