Астанада төбесінен шаңғы тебетін әлемде жоқ үй салынады

24 сәуір 2012, 12:48

Өткен сенбі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астана­лықтармен бірге жалпықалалық сенбілікке шығып, «Жетісу» атты жаңа ботаникалық бақтың «бас ағашын» отырғызды. Бұл бақ Есілдің сол жағалауында орналаспақ. Оның эскизін Президентке көрсеткен елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов орайы келген тағы бір «қысқы» жобаны да таныстырып қалды. Сәтін салса, келешекте Астанада «Слалом-үйі» бой көтереді. Ол үйдің ерекшелігі сол: төбесінде шаңғы тебетін трассасы болады. Әлем бойынша ондай ғимараттар әлі салынбаған деседі.

Жөке ағашы – ұзақ өмір мен мықты денсаулықтың белгісі
Мемлекет басшысының атаулы ағашын жаңа саябақтың қақ орта­сында отырғызу дәстүрі Астанада бұған дейін де болған. Осыдан он жылдай бұрын Н.Назарбаев қазіргі «Жерұйық» (ол кезде «Президенттік бақ») саябағының негізін қалаған кезде де, ол жердің «бас ағашы» ретінде емен отырғызған еді. Бай­қап қарасақ, оның астарында да өзіндік мән бар. Емен – барлық ағаш­­тардың патшасы, ұзақ әрі қуат­ты өмірдің рәмізі. Мифологияда емен тек құдайлармен ғана теңес­тірілген. Ал жаңа «Жетісу» бағында Президент жөке ағашын отыр­ғыз­ды. Ағаштың бұл түрі кем деген­де 150 жыл жасайды екен. Оның ем­дік әрі энергетикалық әлеуеті зор. Сондық­тан бағзы заманнан бері ол денсаулық пен күш-қуаттың қайнар көзі болып саналады. Де­мек, жөке ағашын отырғызу «ұзақ өмір ғана емес, мықты денсаулық та болсын» деген ниеттен туындаған бастама болса керек. Осы жолғы дәстүрдің тағы бір ерекшелігі – еліміздің сая­си элитасы: Прези­дент әкім­ші­лі­гінің жетекшісі Аслан Мусин, Мемлекет басшы­сының іс басқару­шы­сы Серік Үмбетов, Ұлт­тық қауіп­сіздік коми­тетінің төр­ағасы Нұртай Әбіқаев, «Нұр Отан» партиясы төр­ағасының орын­басары Нұрлан Нығ­матулин, «Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ау­қат қорының басшысы Өмірзақ Шө­кеев және Астана қа­ласының әкімі Иманғали Тас­мағамбетов Ел­басы отырғызған көшет­ті айнала өз тал­дарын екті. Айт­пақшы, жөке тек әр­текті ағаш­тардың арасында ғана жақсы өседі. Содан болар, ботани­калық бақтың «бас ағашы» жанын­да бұта тектес көшеттер, ал оның айналасында қарағай мен қайың­дар отырғызыл­ды. Болашақта «Жеті­су» бағының 100 гектар же­рінде әлемнің барлық ағаш түрлері егілетін болады.

Тазалық ластамайтын жерде сақталады
Астанадағы жаңа ботаникалық бақтың «бас ағашын» отырғыз­ғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпа­рат құралдарының алдында сөз сөйлеп, Қазақ­стан халқын көгал­дандыру жұмыс­тарын ары қарай жал­ғас­тыруға шақырды. «Негізі, «Жасыл ел» бағ­дар­ламасы аясында рес­пуб­ликаның бар­лық аймақтарында біраз жұмыс атқа­рылды. Оны ары қарай жал­ғастыру қажет. Барлық облыстар, аудан­дар мен ауылдар оған атсалысуы тиіс. Ал әкім­дердің бұл жұмысқа бас-көз болуы – міндет. Біз өз елімізді жасыл желекке айналды­руымыз қажет. Соның арқа­сында біз және біздің ұрпақтарымыз жақсы әрі салауатты өмірге жол ашады», – деді Н.Назарбаев. Осы орай­да Президент XX ғасырдың танымал философы, француз жазушысы Сент-Экзюперидің ұрымтал бір сөзін мысалға келтірді. «Таңертең тұрған­нан кейін өзіңді және барша жер-жаһанды ретке келтіруге кіріс», – деген екен Антуан Мари Жан-Батист Роже де Сент-Экзюпери. «Сондықтан адам­ның өзі ағаш егіп, айналаны жинайтын болса, онда ол өз еңбегін бағалайтын бо­ла­ды. Мәселен, еденді жуған­нан кейін біз аяқты сүртіп кіреміз ғой. Солай емес пе? Егер адам темекі тұқы­лын қоқыс жәшігіне емес, жерге тастайтын болса, онда бас­қа­лар да солай істейтін болады. Көшеде бө­тел­ке жатса, оны көрген­дер де сол жерге тастайды. Кинотеатр, спорт, футбол залдарында сағыз жабыстыратын болсақ, онда барлығы да осы әре­кетті қайталайды. Сол себепті де тазалық ұдайы жинастыратын жерде емес, ластамайтын жерде сақталады. Осыны қаперде ұстау қажет», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Жақында Индонезия мен Малайзияға іссапармен барып келген Мемлекет бас­шы­сының айтуынша, ол жақта темекі тұқы­лын көшеде тастаған адамға – 200 доллар, дөңгелегі лас көлікпен жолға шыққан­дарға 500 доллар көлемінде айыппұл салынады. Ал кейбір жерлерде таяқпен сабап жазалау әлі де бар. «Біз ондайға әлі жеткен жоқпыз. Дегенмен басты міндет – өз қалаңды қас­терлеп, тазалықты сақтау. Ол өте дұрыс», – дейді Елбасы.
Астаналықтар үйдің төбесінде шаңғы тебеді
Қазақстандағы ең үлкен ботаникалық бақ­тың болашақ эскизін Президентке та­ныс­тырған қала әкімі Иманғали Тасма­ғам­бетов орайы келген тағы бір жобаны да көр­сетіп қалды. Далада ілініп тұрған стен­ді­лердің ішінен аталған «қысқы» жоба Ел­басының да назарынан тыс қалмаған екен, жағалай қарап шыққан соң, әлгі жобаға қа­йы­рылып келіп, мән-жайын білді. «Слалом үйі» деп аталатын жобаға сәйкес, Ас­та­на­да биік тұрғын үй кешенін салу жос­пар­лан­ған. Оның төбесінде айналма шаң­ғы тебу трассасы ашылмақ. Бұл үйдің тұр­ғын­дары 75 метр биіктікке арнайы лифті­мен тез арада көтеріледі. Сөйтіп, бірнеше минут­тің ішін­де слалом трассасының басына шы­ға­ды. Он­дағы шаңғы трассасы­ның ұз­ын­ды­ғы – 350 метр, ені 24 метр болмақ. Жо­баға қы­зығушылық танытқан Мемлекет бас­шысы аталған құрылыстың қыр-сырын зерттеп, барлық құрылыс-техни­ка­лық мә­се­лелерін жақ-жақты саралап шығуды тапсырды.
Шохай МАТАЙБЕКОВ, архитектор, «Слалом үйі» жобасының авторы:
– Астананың қысын бәрі жақсы біле­ді. Бірақ, өкінішке қарай, бізде шаң­ғы тебетін жер жоқ. «Слалом үйі» осы проблеманы шешетін болады. Оның негізгі идеясы – кәдімгідей тұр­ғын үй­дің төбесінде шаңғы тебу трасса­сын ашу. Ондай жоба эконо­микалық жағы­нан тиімді. Үйдің бағасы көп қым­бат­та­майды. Баспананың бір шаршы метрінің құнына тек шаңғы тебу трас­са­сын жаб­дықтауға және лифті­лерді ор­натуға кететін шығындар ғана қосы­лады. Әлем бо­йынша ондай үйлер әлі салынбаған. Бұл жоба Президентке ұна­ды. Ол шаңғы тебу трассасының жа­бық үлгісін және оның қауіпсіздігін тағы бір мәрте сараптап, жобаның эко­но­ми­калық тиімділігін жан-жақты зерделеп шығуды тапсырды. Сондықтан біз ол бойынша ары қарай жұмыс істей­тін боламыз.