Астанада тұрғын үй мәселесі оң шешімін тауып келеді

23 қараша 2022, 22:33

Елордада ескі үйлердің кезекті легі сүріледі. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесі мәлімдеді, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy.

 
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Астана қаласында тұрғын үй қорын реновациялау (апатты (ескірген) тұрғын үйлерді сүру) жобасы іске асырылуда.

«Бірінші кезең 2013-2017 жылдар аралығында өтті, оның барысында 228 апатты үй бұзылып, 3 400-ден астам отбасы жаңа жайлы тұрғын үй алды. 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңге есептелген екінші кезеңді іске асыру шеңберінде 1 076 пәтерлі 56 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланған. 2018 жылы 86 пәтерлі 9 апатты үйдің тұрғындары көшірілді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 2019 жылы елордада 197 пәтерлі 16 апатты үй сүріліп, ондағы тұрғындар Абылай хан даңғылы мен «Артем» базары маңында орналасқан көппәтерлі тұрғын үй кешенін қоныс аударды.

«Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің берген мәліметтері бойынша, 2020 жылы 209 пәтерлі 5 апатты үй сүрілді. Тұрғындар Қарасай батыр көшесі мен Қордай көшесінде орналасқан көппәтерлі тұрғын үй кешеніне қоныс аударды.
2021 жылы 257 пәтерлік 8 апатты үй көшірілді:

1. Янушкевич көшесіндегі жатақхана, № 12/1 үй;

2. Құтпанов көшесі, № 32 үй;

3. Жангелдин көшесі, № 8/1 үй;

4. Алтынемел көшесі, № 8 үй;

5. Барқытбел орамы, № 18 үй;

6. Қарталы көшесі, № 28 үй;

7. Ойыл көшесі, № 15/1 үй;

8. Шалкөде көшесі, № 7 үй.

Қазіргі уақытта аталған үйлерді физикалық бұзу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2018-2021 жылдары барлығы 749 пәтерлік 38 үйдің тұрғындары көшірілді.

Ал 2022 жылға 333 пәтерге 18 апатты үйді көшіру жоспарланған:

1. Қарталы көшесі, № 140 үй;

2. Құтпанов көшесі, № 25 үй;

3. Янушкевич көшесі, № 10/2 үй;

4. Янушкевич көшесі, № 10/3 үй;

5. Сейфуллин көшесі, № 54/2 үй;

6. Аққұм көшесі, № 19 үй;

7. Аққұм көшесі, № 22 үй;

8. Жалын көшесі, № 9 үй;

9. Жалын көшесі, № 11 үй;

10. Барқытбел орамы, № 26 үй;

11. Мұхамеджанов көшесі, № 110 үй;

12. Мұхамеджанов көшесі, № 110А үй;

13. Рауан кенті, № 15 үй;

14. Рауан кенті, № 16 үй;

15. Рауан кенті, № 17 үй;

16. Абай даңғылы, № 15/1 үй;

17. Дүкенұлы көшесіндегі жатақхана, № 21 үй;

18. Әл-Фараби даңғылы, № 35/9 үй (бұрынғы Угольный қиылысы, № 12а).

Жалпы ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңының 2-бабының 1-тармағына сәйкес негізгі тіреуіш конструкциялары (іргетастары, бағаналары, тіреуіш қабырғалары, арқалықтары, жабындылары) тіреуіш қабілетін жоғалтқан және сонда тұратын адамдардың өміріне қауіп төндіретін, заңды тұлғаның қорытындысымен қалпына келтіруге жатпайды тұрғын үй апатты деп танылады.

Тұрғын үйді апатты жағдайы ғимараттар мен құрылыстардың беріктілігін, тұрақтылығын техникалық қадағалауды және техникалық тексеруді жүзеге асыруға аккредиттелген заңды тұлғаның қорытындысы бойынша бағаланады.

Бұл ретте тұрғын үйді техникалық тексеруден өткізу үшін тұрғындар тәуелсіз тексерулерді жүргізетін тиісті ұйымға немесе қаланың тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына жүгінуі арқылы бастамашылық жасай алады.

Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және оларда орналасқан жылжымайтын мүлік объектілерін иеліктен шығару «мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының 6-тарауымен реттеледі. Іс-шара тәуелсіз бағалаушы айқындайтын жер учаскелерінің нарықтық құны бойынша ақшалай өтемақы төлей отырып өткізіледі. Ұсынылған сомамен келіспеген жағдайда мәселе сот тәртібімен шешіледі.

Айта кетейік, апатты көппәтерлі үйлерді (жеке тұрғын үй құрылысынан басқа) сүру жұмыстары «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізілуде. Бағдарламаның шарттарына сәйкес, тұрғын үй-жайлардың иелеріне ауданы бойынша бірдей, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес жаңа пәтерлер беріледі және олар бойынша ақшалай өтемақы көзделмеген.

2022 жылға арналған бағдарлама аясында елордада 323 жылжымайтын мүлік объектісін иеліктен шығару жоспарланған. Оның ішінде 56 тұрғын үй, 125 гараж, 127 саяжай учаскесі, 5 жер учаскесі, 10 өндірістік учаске бар.

Қала аудандары әкімдерінің аппараттарымен бірлесіп 2023-2027 жылдарға арналған бұзу жоспары (үшінші кезең) құрылды. Нақтырақ айтқанда, 903 пәтерлі 59 үй сүріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, өткен жылы 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алайда, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдағы жүктеменің жоғары болуына байланысты биыл бұл көлем азайтылды.

Нақтырақ айтқанда, 2022 жылы шамамен 2 млн шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланып отыр, яғни бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 1,2 млн шаршы метрге аз.

Басқарма ұсынған мәліметтерге сүйенсек, соңғы үш жылда берілген пәтерлер саны 3 есеге артты. Биыл шамамен 3,5 мың пәтердің кілтін табыстау жоспарланған. Айта кетерлігі, 2019 жылы 2,9 мың; 2020 жылы 7 мың; 2021 жылы 10 мың пәтер берілді.

Сондай-ақ, тек соңғы үш жылда 12,6 мың үлескердің мәселесі шешіліп, нәтижесінде 38 нысанда 120 үйдің құрылысы аяқталды. Осы жылы 30 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, бұл шамамен 3,5 мың отбасы.