Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам табылды

10 мамыр 2022, 13:16

Құтқарушылар Атырау облысында бір күн бұрын жоғалып кеткен 11 адамды тапты.

Жолаушылар ауа райының қолайсыздығынан көлікпен діттеген жеріне жете алмай, адасып кеткен.  Құтқарушылар жоғалған адамдарды сағат 14:50-де Жасқайрат ауылынан шамамен 85 шақырым жерден тапты. Ешкімнің зардап шекпегені, ешқайсысына медициналық көмек қажет болмағаны белгілі болды.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері азаматтарды Хамит Ерғалиев ауылына жеткізіп, туыстарына тапсырған.

Іздестіру жұмыстарына Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен 1 техникасы, сондай-ақ АПБ 1 қызметкері жұмылдырылды.

Еске салайық, Атырау облысында 11 азаматтың жоғалғаны туралы хабарлаған едік.