Атырау тұрғыны үш миллион теңге айыппұлы бар көлік сатып алды

08 маусым 2022, 13:56

Атырау қаласының тұрғыны өзі білместен 3 миллион теңгеге жуық айыппұлы бар көлік сатып алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Атырау полициясы Грузия елінде тіркелген темір тұлпардың 106 рет жол ережесін бұзғанын анықтаған. 

Ал "Toyota Highlander" автокөлігінінің иесі мұны жол полициясы тоқтатқанда бір-ақ білген. Ол көлікті тек 2-3 күн бұрын ғана сатып алғанын айтқан. Жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, көлік арнаулы тұраққа қойылды. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

"Көлік айыппұлды толық төлегеннен кейін ғана қайтарылады. Жыл басынан бері Атырау облысында шетелдік нөмірлі көліктермен жол жүру ережесін бұзудың 12 570 дерегі тіркелді. Полицейлер тұрғындардан қырағы болуды және автокөлік сатып алмас бұрын әкімшілік полиция басқармасынан құжаттарын, сондай-ақ айыппұлдарының бар-жоғын тексеруді сұрайды", - дейді Атырау облысы ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.