Атырауда серуенге шығып жоғалып кеткен 9 жастағы баланың денесі табылды

24 қаңтар 2022, 01:02

Атырауда серуенге шығып қайта оралмаған 9 жастағы Еппили Сайли Аннанд Раонның денесі Орал өзеніне құятын Перетаска арығынан табылды. Бұл туралы Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"23 қаңтар күні 19:00-де Атырау облысы ТЖД сүңгуірлері Перетаска арығынан жоғалған баланың денесін тапты", - делінген ведомствоның хабарында. 

Еске салайық, 22 қаңтарда кешкі уақытта 9 жастағы ұл бала жоғалып кеткен. Ол бауырымен бірге Балықшы маңындағы үйінен ойнауға шығып, қайта оралмаған. 

22 қаңтарда баланы іздеу жұмыстарына полицейлер, ал 05:30-да құтқарушылар қосылған. Олар Перетаска арығында да іздеу жұмыстарын жүргізген. 

23 қаңтарда полицейлер Сайлиге ұқсас баланы көрген куәгерді тапқан. 

"Мен кешке, сағат 17:00 шамасында үй жанындағы дәріханаға апаратын жолда сұр күртеше киген, орта бойлы баланы көрдім. Ол аяғымен мұзды теуіп тұрды. Мен қауіпті екенін, мұздың жарылып кетуі мүмкін екенін ескерттім. Содан кейін баланың жоғары қарай, қамыс арасымен кеткенін байқадым. Ол кезде өзім ауырып тұрған едім. Қайта оралғанда баланы көрмедім", - дейді куәгер әйел. 

"Құрметті ата-аналар! Балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар!", - деп ескертті құтқарушылар.