Атыс пен жарылыстардан аспан қып-қызыл болып жалындады - Киевтен оралған қазақстандық

05 наурыз 2022, 19:02

Елімізге танымал хореограф, ТНТ арнасындағы «Танцы» шоуының жеңімпазы Дмитрий Щебет соғыс жүріп жатқан Украинадан туған жері Қазақстанға Польшаның Катовице қаласы арқылы оралғандардың бірі. Дмитрий 29 жаста, Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тұрғыны, ұлты украин. Ақжайық басылымы оның сұхбатын жариялады.

– Дмитрий, Украинада қайдан жүрсіз және ол жақта не істедіңіз?

– Осыдан 8 жыл бұрын украиналық «Танцуют все» би телешоуына қатысып, финалист болдым. Араға жылдар салып, жақында СТБ телеарнасынан (Украина) жаңа World of Dance би жобасына қатысуға шақырту алдым. Ол жерде жұбайым Юлиана Бухольцпен дуэт орындауым керек еді. Осындай жобаларда қиындықтар мен жүктеме көп болатындықтан, 3 жасар ұлымызды түсірілім өтетін уақытқа ата-әжесіне қалдыруды жөн көрдік. Қазір мұның дұрыс шешім болғанын түсініп отырмыз…

10 ақпанда Киевке келдік. Украинадағы достарыма, туыстарыма және әріптестеріме бару үшін ертерек келуді шештік. 17 ақпанда алғашқы түсірілім болды. Байқаудың бірінші кезеңінен өтіп, екінші кезеңге жаңа нөмірді дайындауға кірістік. Сол кезде бір бәленің болатынын сездік, бүкіл жаңалықты қадағалап отырамыз ғой. Көп жұмыс жасадық, бәрін тастап кеткіміз келді, бірақ біз кәсіпқоймыз ғой, оның үстіне жамандыққа сенгіміз келмеді. Алдыңғы кеште ертеңгі түсірілімге дайындалып, ерте ұйықтап қалғанбыз. Ал 24 ақпан күні таңертең не болғанын бүкіл әлем біледі.

 – Сол кезде қандай сезімде болдыңыздар және қандай шара алдыңыздар?

– Біздің күйімізді суреттейтін сөз жоқ. Бірақ мен өзімді қолға алдым. Әйелімді қарсы алдыма отырғызып, көзіне қарап: «Ұлымызға ораламыз деп уәде бердік, оны орындаймыз. Тұр, кетеміз» дедім. Киевте жүргенімізде жалға алған көлігіміз бар еді, сол бізді құтқарып қалды. Бүкіл досыма қоңырау шалдым.

Әрбір банкомат, дәріхана және азық-түлік дүкенінің алдында ұзын-сонар кезек тұрды. Бірақ бәрі еш дүрлігіссіз, сабырмен, тыныш өтті.

Украиндар – әлденеше рет қиын сынақтарды еңсерген халық. Бұл осындай сәттерді жеңуге көп көмектесті. Сол кезде Қазақстан елшілігі көп адамды елден шығарумен айналысып жатқан болатын, тез арада панажай табу ұсынылды. Біз көлікке заттарымызды тиеп, Украинадан шығарғанша паналай тұрамыз деп, басқа қаланың және шетелдік жоба қатысушылары орналасқан Киевтің шетіндегі тыныш жасыл аймақ Пуща-Водицаға бардық.

- Ол жерде қанша адам болды? Жарылыстарды, канонаданы, атысты естідіңіз бе?

- Біз жертөледе болдық, 20 шақты адам, жартысы балалар. Пуща-Водица Киевтің спутник қаласы Ирпень және Гастомель аэродромының арасында орналасқан: алғашқы соққылар осы стратегиялық нысандарға берілуі мүмкін еді. Солай болды да: Мен бұл түнді ешқашан ұмытпаймын. Бомба дыбыстары, атыс пен жарылыстардан аспан қып-қызыл болып жалындады. Содан кейін тынышталып қалды, мен бақылау үшін сыртқа шықтым. Сол кезде гүрс ете түсті, контузия алғандай үш минуттай есеңгіреп қалдым. Кері қалай жүгіріп, ішке кіргенім есімде жоқ. Сондай қорқынышты еді. Арамызда Молдовадан келген жігіттер бар еді, олар бірден вокзалға баруды ұйғарып, автобуспен Кишиневке кетіп үлгерді. Таңертең әйелім екеуміз екі ананы ұлдарымен және заттарымен бірге көлігімізге мінгізіп, орталыққа жеткіздік. Сол жерден олардың өз эвакуация жоспары болған еді. Ал өзіміз Киевтегі досымның үйіне кетіп, сол жерде күттік. Содан кейін Киевтегі Қазақстанның елшілігі қалғандарын эвакуациялауды жалғастырды, олардың арасында біз де болдық.

- Елшілікке қалай жеттіңіздер?

– Айта кету керек, бұл көпшілік үшін ақылға қонбайтын нәрсе болды. Өйткені Киевтің әр жерінде ұрыс болып жатты, сондықтан панажайдан шығу өте қауіпті болды. Дегенмен ол жерге аман-есен жеттік. Көп ұзамай үйімізге жетеміз, отбасымыздың жанында боламыз. Мен Киевтегі Қазақстанның елшілігіне, атап айтқанда дипломаттарға олардың орасан зор жұмысы үшін, адалдығы мен кәсіби қызметі үшін шын жүректен алғыс айтамын. Киевтегі Қазақстанның елшісі Дархан Қалетаевқа жеке алғыс білдіргім келеді.

...Мұның соңы жақсы аяқталатынына сенеміз. Украина халқы ержүрек, өз Отанын басқыншыларға бермейді. Бойымда ұлы да азат халықтың қаны бар екенін мақтан етемін.