Ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық трассалардың 6 учаскесінде қозғалыс шектеу енгізілді

23 қаңтар 2023, 17:14

Жол бойында көрінудің нашарлауына байланысты республикалық трассалардың 6 учаскесінде қозғалыс шектеу енгізілді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ-ның Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарындағы өңірлік филиалдарының күштері мен құралдары күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.

 

Жоғарыда аталған өңір тұрғындарын алыс сапарға шықпауға шақырамыз. Ауа - райы болжамы мен тасжолдардағы ахуал туралы хабарламаларды ескеру қажет.

 

Штаттан тыс жағдай туындаса 1403 қысқа нөміріне қоңырау шалуға болады.

 

Абай облысында тіркемелі мен жартылай тіркемесі бар жүк көліктері үшін "Омбы-Майқапшағай" (Қалбатау ауылынан Көкпекті ауылына дейін) және "Алматы-Өскемен" автожолдарында (Аягөз қаласынан Қалбатау ауылына дейін) қозғалыс шектелді.

 

Автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс төмендегі жол учаскелерінде шектелді:

 

1. "Өскемен-Семей" тасжолының Герасимовка ауылынан Семей қаласына дейінгі аралығы;

 

2. "Омбы-Майқапшағай" тасжолының Семей қаласынан Қалбатау ауылына дейінгі аралығы;

 

ШҚО-да тіркемелі және жартылай тіркемесі бар жүк көліктері үшін республикалық маңызы бар "Алматы-Өскемен" автожолының Қалбатау ауылынан Қасым-Қайсенов ауылына дейінгі аралығында қозғалысқа шектеу енгізілді.

 

Жетісу облысында "Үшарал-Достық" күре жолының Көктұма бекетінен Достық бекетіне дейінгі аралығында автокөліктің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.