Айбынды армиямыз – Тәуелсіздігіміздің қорғаны – Мемлекет басшысы

06 мамыр 2022, 20:11

Мемлекет басшысы Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, сардарлар мен сарбаздарды, ардагерлерді мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 – Осыдан отыз жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Бұл мемлекеттігімізді нығайту жолындағы маңызды қадам болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы айбынды армиямыз Тәуелсіздігіміздің қорғаны, Жаңа Қазақстанның тірегі екенін айтып, отаншыл әрі қайсар сарбаздарымыз ел қауіпсіздігін сенімді қорғап тұрғанына тоқталды.

– Олар батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Қазақ үшін елдік пен ерлік – егіз ұғымдар. Батырлық – қанымызға сіңген қасиет. Қазыбек би айтқандай, «Біз – жерімізге жау тимесін деп, найзаға үкі таққан елміз». Ұлы дала ұландары қашанда ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен атамекенін қорғай білген. Алтайдан Атырауға дейінгі кең байтақ жерін ұрпаққа мирас еткен. Біз аманатқа адал болып, еліміздің тұтастығы мен тыныштығын сақтау үшін бәрін жасаймыз. Бұл – Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.