"Азат елдің қауіпсіздігін қорғап келеміз": Қызылордада Тәуелсіздікпен төл құрдас полицейлер қызмет етіп жүр

16 желтоқсан 2021, 13:16

Биыл ел тарихында айтулы жыл. Мемлекетіміз Тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктегеніне - 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан шекарасын белгілеп, күштік құрылымдарын нығайтты. Оның ішінде құқық қорғау органдарының атқарып отырған міндеті зор. Тәртіп сақшылары қоғам тыныштығын күзетіп қана қоймай, заң бұзуды алдын алып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Stan.kz тілшісі Тәуелсіздік құрдастары – қызылордалық полицейлермен тілдескен еді. Егемен елде дүниеге келген азаматтардың жеткен жетістіктері әңгімеге арқау болды.
Криминалист болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Полиция аға лейтенанты Әділхан Байсариев өзінің қызметі туралы осылай дейді. 2014 жылдан бері құқық қорғау органында жұмыс жасайтын азамат уақыт өткен сайын  тәжірибе жинап, біліктілігін арттырып келеді. Жас жігіт әр қылмысты ашу жолында криминалистің еңбегі зор екенін айтады.

"Қылмыс қашан орын алды? Қылмысты кім жасады? Тәуліктің нақты қай мезгілінде заң бұзушылыққа жол берілді? Қылмыскер қандай затты қару ретінде пайдаланды? Осы сұрақтардың барлығына жауап беру менің міндетім. Жалпы, криминалист мамандарды оқытып, даярлау да күрделі. Аталмыш саланың қызметкері жан-жақты білімді болуы керек. Біздің кәсібилігіміз бен тергеушіге берген ақпаратымыздың арқасында қылмыскерді із суытпай ұстауға болады. Қателесуге болмайды. Мен өз жұмысымды жоғары деңгейде атқаруға тырысып келемін", – дейді полицей.

Әділхан бала кезінен полицей болуды армандаған екен. Бұл ретте тәртіп сақшысы өз анасына қолдау білдіріп, сенгені үшін айрықша риза. Өзінің еңбекқорлығы, табандылығы мен адалдығының арқасында криминалист - маман әріптестерінің арасында өте сыйлы. Әділхан өзінің ел Тәуелсіздігімен төл құрдас екенін ерекше мақтан тұтады.

"Қазақстан – жас мемлекет. Соған қарамастан, еліміздің еңсесі тік. Уақыт өткен сайын құқық қорғау органдары дамып келе жатыр. Қазір біз заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс жасаймыз, жаңа техникалар қолжетімді. Бұл мемлекетіміздің қамқорлығы екенін айтқым келеді. Полицей формасын ерекше мақтанышпен киемін. Өйткені мен азат елге қызмет етіп келемін", - дейді Әділхан Абзалханұлы.

Келесі кейіпкеріміздің есімі - Нұрлыхан Рахменшеев. Учаскелік полиция инспекторы 10 жылдан бері құқық қорғау органдарында еңбек етеді. Бүгінде шеңі - майор. Өзіне бекітілген аумақты өте жақсы біледі, тұрғындарымен жақсы таныс. Кез келген азаматпен емен-жарқын сөйлесе алады, қажет кезде көмек беруге дайын.

"Алғаш жұмысымды бастаған уақытта, аталған қызмет саласы үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты талап ететіндігін түсіндім. Көп жағдайлардың куәсі болдым, түскі үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істейтін кездеріміз де болатын. Өзімізге жүктелген міндеттерімізден бөлек қоғамдық жұмыстарға араласып, рейдтік шараларға, күшейтілген режимдегі шараларға да қатысатынбыз. Мұндай ауқымдағы жұмыстарды көрмеген, өмірге енді қадам басқан жас бала үшін қиын болғандығы жасырын емес. Дегенмен шыдамдылық пен әріптестердің қолдауының арқасында көп жетістіктерге жеттім. Дәл осы мамандықты таңдағаныма өкінген емеспін", - дейді Нұрлыхан Мейрамбекұлы.

Полиция майоры бос уақытында тарихи кітаптарды оқығанды жақсы көреді. Тәртіп сақшысын Қазақстанның бастан өткерген сыңдарлы кезеңдері мен еліміздің еңсесін тіктеуге үлес қосқан азаматтардың еңбегі таңғалдырады.

"Мен Тәуелсіз елдің азаматымын. Еліміз тыныш, ашық аспан астында бақытты ғұмыр кешудеміз. Біздің міндет қоғам қауіпсіздігін сақтау, азаматтардың құқығын қорғау. Бүгінде мен төрт баланың әкесімін. Келешекте олардың өз елінің нағыз патриоттары болғанын қалаймын. Сол себепті бүгін оларға үлгі болуды көздеймін", - дейді полиция майоры.

Қызылордалық Ернұр Сыздықов та Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Ол 2017 жылдан бері Қызылорда қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметінің инспекторы болып жұмыс жасайды. Әріптестері оның қарапайым, адал, жауапты, қиын сәтте көмекке келуге дайын азамат екендігін айтады. Мінсіз қызметі үшін Ернұр Өтегенұлы бірнеше мәрте марапатталған. Бүгінде ол полиция капитаны.

"Мен ата-бабамыз сан ғасырлар бойы арман еткен Тәуелсіздіктің түйдей құрдасымын. Татулығы мен бірлігі жарасқан елде өмір сүріп жатқаныма қуанамын. Азаттықтың арқасында бақытты балалық шақта өсіп, еркін білім алдым. Отбасын құрдым, бүгінде сүйікті жұмысымды жасау мүмкіндігім бар. Еліміздің ертеңіне үлкен сеніммен қараймын.

Күн-түн демей ел қауіпсіздігін бақылау біздің міндетіміз. Ендігі мақсатым – еліме адал еңбек етіп, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосу. Көші-қон қызметі үлкен күрделі сала. Мен өзіме жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға күшімді саламын", - дейді Ернұр Сыздықов.