Байқоңыр билігі лаңкестік әрекет қаупінің туындағанын жариялады

19 қаңтар 2022, 15:22

Байқоңыр қаласында лаңкестік қауіптің жоғары "көк" деңгейі енгізілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жайында қала әкімшілігі мәлімдеді.

Әкімдік мәліметінше, құқық қорғау органдарынан терроризм актісі қаупінің туындауы және оны алдын алуды ұйымдастыру туралы келіп түскен ақпаратқа байланысты Байқоңыр қаласы Терроризмге қарсы комиссияның төрағасы әрі қала әкімдігінің басшысы Бусыгин 19 қаңтар сағат 12.00-ден 3 ақпан 12.00-ге дейін 15 күндік мерзімге Байқоңыр қаласының аумағында террористік қауіптің жоғары "көк" деңгейін енгізу туралы шешім қабылдағаны айтылады.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары мен қала әкімдігі жеке тұлғалардың, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар қабылдауда.

Қала әкімдігі тұрғындарға адам көп жиналатын жерлерде сақ болу туралы ұсыныстарын жеткізген. Сондай-ақ, қала тұрғындарын құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеуге және бейтаныс адамдардан күдік келтіретін заттарды уақытша сақтай тұруға келіспеуді ескертеді.

"Жарылғыш құрылғыларды жасыру мақсатында лаңкестер: қораптар, сөмкелер, портфельдер, ұялы телефондар мен ойыншықтарды пайдалануы мүмкін. Мұны балаларыңызға, туыстарыңызға және достарыңызға түсіндіріңіздер", - деп қосты Байқоңыр қаласы әкімдігі.