Мемлекет басшысының түпкілікті ұстанымы – Қазақстан азаматтарының бейбіт митингілерге құқығы болуы керек, сондықтан қаңтар оқиғасына бейбіт шерушілер ретінде қатысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Өздеріңізге белгілі, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратураға жаппай тәртіпсіздіктер кезінде түрлі заң бұзушылықтар үшін ұсталған азаматтардың кінәсінің деңгейін анықтауды тапсырды.
"Президент ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда жазаны жеңілдету шараларын қолдану мүмкін деп санайды. Бейбіт шерулерге қатысушыларды жауапқа тартуға болмайды, деп есептейді Президент. Оның принципті ұстанымы - бейбіт жиналыстар мен митингілер тиісті талаптарға сай өтуі керек. Енді қалалардың орталық аудандарында митингілер мен жиындар өткізуге болады. Бұл еліміздегі демократияны ілгерілету жолындағы үлкен қадам", - деп жазды Берік Уәли.