Бес жыл бойы төлемеген: Қостанайда үш ер адам алименттен жалтарғаны үшін жауапқа тартылды

27 мамыр 2022, 09:15

Қостанайлық үш ер адам 6,8 миллион теңге көлеміндегі алимент төлемегені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

“К. азаматы бес жыл бойы үш баласын асырау үшін алимент төлемей, берешегі 3,8 млн теңгені құраған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында борышкер өз кінәсін мойындап, 120 мың теңгені қайтарып, ресми түрде жұмысқа орналасып, ай сайынғы төлемдерді жасап отырған.

Тағы бір мысал, сот 2022 жылдың 6 мамырынан бастап төрт жыл бойы кішкентай қызына алимент төлемей жүрген азамат С.-ға қатысты қылмыстық іс қарауда. Қарыз 1,8 млн теңгені құрады. Борышкер алимент төлемегені үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып, арам ниетті борышкерлердің тізіліміне енгізілген”, –деді Қостанай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Жалпы, қала прокуратурасының бастамасымен жыл басынан бері 28 баланы асырауға алимент өндіріп алған 12 борышкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды, 18 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олардың жетеуі жеті тәулікке дейін қамауға алынды, қалғандарына жалпы сомасы 170 мың теңге айыппұл салынды.

Сондай-ақ алты борышкер жұмысқа орналастырылып, 18,5 миллион теңге алимент өндірілді.