"Bizdin Tandau": Болат Әбілов жаңа саяси партия құратынын айтты

16 мамыр 2022, 13:54

Белгілі кәсіпкер Болат Әбіловтің жаңа саяси партия құратынын белгілі болды. Бұл туралы бүгін, 16 мамыр күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Басқосуда Әбілов қанды қаңтар оқиғаларынан кейін бірде бір саяси, әлеуметтік оң өзгерістер болмағанын баса айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Болат Әбіловтің жаңа партиясы "Bizdin Tandau" деп аталады. Әбілов өз сөзінде қаңтар-желтоқсан секілді қанды оқиғалар енді қайталанбауы қажет екенін айтты.

"Назарбаевтың 30 жыл бойы билігінің соңы қаңтар оқиғасымен аяқталды. Сол себепті Назарбаевтың есімі халықтың есінде сақталып қалуға лайықты емес. Бүгін біз "Bizdin Tandau" саяси партия құратынымызды жариялаймыз. Бұл біздің таңдауымыз екенімізді білдіргіміз келеді. Бұл біздің демократия, бостандық, әділдік үшін таңдауымыз", - деді Әбілов.

Партияны құрушылар Қазақстан атауын – Қазақия деп, ал ел астанасын – Алашорда деп атауды ұсынды.

Тіркелгеннен кейін Болат Әбіловтің партиясы мына мәселелерді ұсынуды жоспарлап отыр:

- "Самұрық-Қазына" қорын тарату;

- ЕАЭО мүшелігінен бас тарту;

- ҰҚШҰ-ға мүше болудың орнына түркі елдерімен одақ құру;

- 1930 жылғы ашаршылық, 86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасы мен қасіретті қаңтар секілді қайғылы оқиғаларды зерттеу;

- Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевқа жасалған саяси қастандықтарды тергеу.

Әбілов сонымен қатар басқа партиялардың ұсыныстарында мұндай маңызды мәселелердің қарастырылмағанын атап өтті.

"Бұл оларды артқа тарту емес екенін атап өткім келеді. Біз жеңу үшін келдік. Демократиялық партия – біздің таңдауымыз", - деді ол.