Дағдарысқа қарсы шаралардың бірі ретінде қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына осы уақытқа дейін республикалық бюджеттен қыруар қаржы құйылды. Соның арқасында біраз бизнесмендер аяққа тік тұрып, өз кәсіптерін көтеріп алды. Қазір дағдарыс жоқ. Демек, аталған бағдарлама аясында бөлінетін қаржыны да қысқартуға болады. Министрлер кабинетінің кешегі отырысында Үкімет басшысы С.Ахметов осындай ойға келді. Алайда оның орынбасары, бағдарламаға жауапты өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев бұл пікірмен келіспейді.
Негізі, дағдарыстан кейінгі отандық экономиканы оңалту мақсатында қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында біраз жұмыс жасалды. 2010 жылдан бері 2861 жобаға 642 млрд теңге құйылды. Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың сөзіне қарағанда, аталған жобалардың басым бөлігі, нақты айтсақ, 41 пайызы өнім өңдеу өнеркәсібін қамтиды. Ал оның ішінде өндірістік жобалардың 36 пайызы тамақ өнімдерін шығаруға арналса, қалғаны – резеңке және пластмасс бұйымдарының өндірісі. «Жалпы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың таптырмас құралы болып саналады. Бүгінде оны қолдау шаралары 36 мыңнан астам бизнесменді қамтиды. Осының арқасында 145 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Қазір экономикадағы әрбір бесінші жұмыс орны осы бағдарлама аясында құрылды. Сондай-ақ оған индустрияландыру картасының әрбір төртінші жобасы тиесілі болып келеді», – дейді Қ.Өскенбаев.
Әрине, осы уақытқа дейін бұл бағдарлама біраз өзгерістерге ұшырап, жетіле түсті. Атап айтқанда, оған үш мәрте түзетулер енгізілді. Соның арқасында жобаларды қарастыру шарттары жеңілдетілді. Енді өзгерістердің төртінші «пакеті» аясында шағын және орта бизнестің бастамаларына, сондай-ақ шағын жобаларға барынша қолдау көрсету көзделіп отыр. Мәселен, 1,5 млрд теңгеге дейінгі жобаларға жаңа жұмыс орындарын құру және салық төлеу бойынша қосымша талаптар қойылып, 1,5-4,5 млрд теңгені құрайтын жобалар мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілсе, 60 млн теңгеге дейінгі жобалар комиссияда қаралмайды. Бұдан басқа кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылып, бизнес-инкубаторлар құру мен оларды жұмыс істеткізу тетіктері, сондай-ақ индустриялық аймақтарды дамыту бойынша, жаңа бастағандар үшін «Бизнес кеңесші-1», жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін «Бизнес кеңесші-2» бағдарламаларын құрудың негізгі әдістері мен шаралары анықталады. «Осының бәрі өзгерістердің төртінші «пакетіне» кіреді. Біз оны Үкіметтің қарауына ағымдағы жылдың қазан айында енгіземіз», – дейді Қ.Өскенбаев мырза.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Ал «Даму» қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қазірдің өзінде қазақстандық бизнесменнің орташа «сұлбасы» қалыптасып үлгерді. Ондай бизнесменнің компаниясында кем дегенде 86 адам жұмыс істеп, жыл сайын 784 млн теңгенің өнімін шығарып отырады. Былайша айтқанда, кәсіпкерлер үшін жасалып жатқан бүгінгі жағдайлар жаман емес. Осы орайда Үкімет басшысы С.Ахметов: «Біз бұл бағдарламаны дағдарысқа қарсы шара ретінде қарастырған болатынбыз. Қазір ол әлі де жалғасып жатыр. Дағдарыстан кейінгі кезеңде бұл бағдарлама бізге қажет пе?» – деп сұрады. Л.Ибрагимова ханым «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының кепілдік беру тетігін дамыту қажеттігін жеткізді. Себебі оның арқасында кепілзаты жоқ кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерден несие ала алады. «Ал субсидиялау (жобаларды қаржыландыру – авт.) тетігіне келер болсақ, оны бюджеттің мүмкіндігіне қарай дамыту қажет деп ойлаймын. Себебі қазірдің өзінде өтініштерді мақұлдау қарқынына қарағанда, қаржыландырудың көлемі жыл өткен сайын өсе береді», – дейді ол. Демек, бұл жерде «Дағдарыстан кейінгі уақытта «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасының қаржы көздерін қысқарту қажет пе?» деген заңды сауал туындайды. Осыны естіген Премьер-министрдің бірінші орынбасары – өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев шыр-пыр болды. «Бас кезінде «Жұмыспен қамту -2020» да дағдарысқа қарсы бағдарлама ретінде қабылданған болатын. Бүгінде ол ағымдағы жағдайға қарай ыңғайланды. «Бизнестің жол картасы» да солай болып тұр. Алғашқы жылы біз оның аясында 75 млрд теңге бөлдік. Бірақ барлық шараларды іске қосқанша, уақыт өтіп кетті. Соның салдарынан 60 млрд теңгені кері қайтаруға мәжбүр болдық. Қазір болса 10 млрд теңгеден беріледі. Ол қалай? Бастапқыда қыруар қаржы бөлсек, бағдарламаны толығымен іске қосқаннан кейін ол ақшаны азайттық. Енді ананы қысқартайық, мынаны қысқартайық деп отырмыз. Біз, керісінше, оны барынша дамыту шараларын қолдауымыз қажет», – дейді Б.Сағынтаев.
Отырыс барысында барлық спикерлерді тыңдай келе, Премьер-министр «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын ары қарай дамыту шараларын қолдады. «Әрине, бұл бағдарламаның оң нәтижелері бар. Дегенмен оның орындалу сапасын жақсарту қажет. Бұл ретте Өңірлік даму министрлігі облыстармен өзара іс-қимылды үйлестіру жұмысына ерекше мән беруі тиіс. Ал өңірлер жобаларды іріктеуде олардың сапасына, әлеуетіне, болашағына, сондай-ақ бюджет қаражатын игеруге аударуы қажет. Өңірлік даму министрлігіне Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен бірлесіп, ағымдағы жылы қабылданған міндеттемелер бойынша бағдарламаны жүзеге асыруды аяқтау үшін бөлінген қаражатты қайта бөлу мүмкіншілігін қарастыруды тапсырамын. Толықтай алғанда, бағдарламаға ұсынылып отырған өзгертулер қолдау табады. Өңірлік даму министрлігі Үкіметке бағдарламаға өзгертулер жобасын енгізсін», – деп атап көрсетті С. Ахметов.
Сондай-ақ Үкімет отырысында ана мен бала өлімін азайту бойынша іс-шаралар жоспарының орындалу мәселелері қаралды. Ана мен бала өлімін азайту бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру барысы туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баяндады. Министрдің айтуынша, шаралар қатарына халықаралық тиімді технологияларды енгізу, ана қауіпсіздігі бағдарламасын жүзеге асыру, балалар сырқаттарын кешенді емдеу сияқты жүйелі шаралар қабылдаудың арқасында ана мен бала өлімі көрсеткішін түсіруге қол жеткізілді. Соңғы үш жылда Тиімді технологияларды енгізуді үйлестіру республикалық орталығы жұмыс істейді. Әр аймақта перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханалары базасында жүкті, босанған аналар мен сәбилерге, балаларға медициналық көмек көрсететін медицина қызметкерлерін үздіксіз кәсіби жетілдіру бойынша оқу орталықтары жұмыс істеп келеді. Перзентханалар мен балалар ұйымдары медицина қызметкерлерінің 80%-дан астамы халықаралық стандарттар бойынша білім алып, нәтижесінде ана мен балаға шұғыл көмек көрсету елеулі түрде жақсарды. Олардың білімі мен тәжірибелік машықтарын бағалау үшін Астана мен Алматы қалаларында республикалық орталықтар ашылып, жұмыс істеуде.
Бұл тақырып бойынша сондай-ақ БҰҰ балалар қоры ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Джун Кукита сөйледі. Үкімет басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары жұмыс аз атқарылған жоқ. Кардиохирургия, трансплантология, көлік медицинасы дамып, Ұлттық скринингілік бағдарлама енгізілді, кепілді тегін, оның ішінде балаларға арналған медициналық көмектер тізбесі кеңеюде. Сонымен қатар С.Ахметов министрлікке ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, БАҚ құралдары арқылы салаға енгізіліп жатқан жаңашылдықтар, тұтастай алғанда, отандық медицинаның жетістіктері туралы хабарлап отыру қажеттігіне тоқталды.
Ана мен бала өлімін азайту мәселесіне тоқталған Премьер-министр: «Ана мен бала өлімі төтенше жағдай дәрежесінде қаралуы тиіс, ал Денсаулық сақтау министрлігі өңірлерімен бірлесіп, бұл салада сапалы талдау жүргізуі керек», – деп түйіндеді.