БҚО полиция департаментінде «Киберпол» тобы жұмысқа кірісті

27 шілде 2023, 17:58

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінде киберқылмыстармен күресетін жаңа бөлініс өз жұмысын бастады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жаңа құрылымның алдында тұрған басты міндет – интернет алаяқтыққа қарсы күресті күшейтіп, қылмыстың алдын алу.

 

 

Жаңа бөліністің ашылу рәсіміне БҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев, облыс прокурорының орынбасары Азамат Сәтбаев қатысты.

 

«Киберпол» пилоттық жобасын іске асыру үшін біз биыл 19 мамырдан бастап жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл қылмысты ашу және тергеуді бір мамандандырылған топ іске асыратын болады. Топтың құрамында 9 қызметкер (4 тергеуші, 4 жедел уәкіл, 1 криминалист) бар, олар заманауи техникамен жарақталды. Қызметкерлер «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, арыз-шағым келіп түскеннен кейін бірден барлық кезек күттірмейтін тергеу және жедел іздестіру іс-шараларын бір уақытта жүргізетін болады», - деді А.Оразалиев.

 

«Киберпол» арнайы бөлінісі цифрлық лабораториямен жабдықталған. Бөліністегі мамандар гаджеттерді бақылау арқылы интернет-алаяқтар қолданатын бағдарламаларды да анықтай алады.

 

 

Қазіргі уақытта аталған бөліністің жеткен жетістіктері де жоқ емес. «Киберпол» тобы жұмыс істегеннен бері 15 қылмыс ашылып, сотқа жолданды, ал 33 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қоғамдық көмекшілердің жәрдемімен 56 қылмыс ашылғанын жазған болатынбыз.

 

 

 

 

 

Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz