Біреудің дүние-мүлкін тартып алып, бөлісуден аулақпын – Тоқаев

15 маусым 2022, 15:20

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстаннан активтер заңсыз шығарылғанын және оларды елге қайтару жұмысы жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Россия 24" телеарнасының эфирінде жүргізуші Тоқаевтан заңсыз шығарылған активтер туралы сұрады.

"Екінші республиканың мақсаттарының бірі – әділдік. Бір нәрсені тартып алу және бөлу әділдікке жата ма? Әділдік іздеу жолында жаңа әділетсіздік тудыру қаупі жоқ па?" деп сұрады жүргізуші.

"Әрине, ондай қауіп бар. Мен сұрағыңыздың астарын түсініп отырмын. Десе де менің тапсырмаммен заңсыз жекелешендірілген активтерді Қазақстанға қайтару бойынша комиссия құрылды. Мұндай активтер Қазақстанға қайтарылады. Бұл жерде ешқандай мәжбүрлеп тартып алу болмайды. Мен тартып алудан және бөлісуден аулақпын. Заңды жұмыс істейтін, заңнамаға сәйкес қызметін жүзеге асыратын орташа компанияларға қатысты ешқандай мәжбүрлеу болмайды", - деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент кезінде елден активтер заңсыз шығарылғанын мойындады.

"Адамдар көріп отыр ғой, біздің экономика басқа елдермен, атап айтқанда Ресеймен салыстырғанда соншалықты үлкен емес. Біз не әділ жасалғанын, не заңға қайшы жасалғанын анық көріп тұрмыз. Сол себепті бұл міндет өте маңызды, ол біртіндеп іске асырылып жатыр. Оның үстіне мен шетелге заңсыз шағырылған қаржыны қайтару бойынша ведомствоаралық комиссия құрдым. Бір-екі күнде қайтару мүмкін емес. Жылдар қажет болуы мүмкін. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек", - деді ол.

"Өйткені шынымен де мұндай активтер заңсыз шетелге шығарылды және олардың заңды иесін табуы керек. Ал заңды иесі Конституция бойынша біздің халқымыз. Халық атынан барлық активті мемлекет басқарады", - деп қосты Тоқаев.