Бүгін Алматыдағы ақылы тұрақтар іске қосылды

20 қаңтар 2022, 12:25

Алматы қаласында бүгіннен бастап ақылы тұрақтар жұмысы қайта жанданады. Алайда қаланың инфрақұрылымы толық қалпына келмегендіктен, кейбір жерде тек мобильді қосымша арқылы төлем жасауға тура келеді. Бұл туралы kolesa.kz хабарлады.

Мегаполистегі ақылы тұрақтар төтенше жағдай кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан еді. Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов бұзақылар 24 паркоматты қиратып кеткенін хабарлады. Олар айдың аяғында қалпына келтіріледі.

Алматыда төтенше жағдай кеше күшін жойды. Aparking компаниясының байланыс орталығының мәліметінше, автотұрақ ақысы бүгіннен бастап есептеледі.

Паркомат істемейтін тұраққа көлік қойғандар мобильді қосымша немесе төлем қабылдайтын терминал арқылы төлем жасай алады.

Компания өкілдері көшеде тұрақ ақысы төленгенін арнайы автокөліктер қадағаламақ. Ал абонемент пен мен резиденттік келісім мерзімі автоматты түрде ұзартылады.

Бұған дейін Алматыда дүкені тоналып, шығынға батқан кәсіпкерлерге көмек көрсетілетіні туралы жазған болатынбыз.