"Бұл шешуші кездесу болады": Канело Головкинмен үшінші жекпе-жегі жайлы айтты

04 наурыз 2022, 15:34

Мексикалық боксшы Сауль Канело Альварес қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жегі 2022 жылы міндетті түрде өтетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Канело Альварес Геннадий Головкинмен осы жылдың 17 қыркүйегіне жоспарланған үшінші жекпе-жегі ол үшін “міндетті” жекпе-жек екенін айтты. Себебі спортшы бұл жекпе-жек туралы бұрын да уәде еткен.

Канело қазақстандық спортшымен үшінші жекпе-жек өткізіп, онымен бәсекелестік тарихын біржола жапқысы келетінін алға тартты.

Жанкүйерлер Канело Головкиннің қартайғанын, 40-қа толғанын әдейі күтті деп есептейді. Сондықтан онымен үшінші рет кездесуге келісті деп санайды.

GGG-мен Канелоның 2018 жылы өткен соңғы жекпе-жегінен бері көп уақыт өтті. Ал енді үшінші жекпе-жекте олар өз артықшылығын дәлелдеу керек.

“Бізде келісім бар, олар менің Головкинмен жұдырықтасуымды қалайды, Сондықтан неге шықпасқа? Барлығы бұл жекпе-жекті қалайды, солай ма? Мүмкін сәл кешіккен шығармыз, мүмкін олай да емес шығар. Бұл жекпе-жек шешуші кездесу болады. Бірақ алдымен мен 7 мамырда Дмитрий Биволды жеңуім керек, ал Головкин 9 сәуірде Рио Муратаны жеңу керек”, – деді Канело.