Былтыр құрылыс материалдарын өндіретін 34 жоба іске қосылды – ИИДМ

04 наурыз 2022, 17:01

Кірпіш өндірісінің жалпы қуаттылығы жылына 90 млн дананы құрайды деп жоспарланып отыр

Өткен жылы құрылыс материалдарын өндіру бойынша 34 жоба іске қосылды. Инвестициялардың жалпы сомасы 76 млрд теңгені құрайды. Аталған кәсіпорындарда 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

 
Мәселен, Көкшетау қаласындағы «ENKI» кірпіш зауыты кірпіш өндіретін жаңа цехты іске қосты. Цех жылына 30 млн дана кірпіш жасап шығаруға қауқарлы. 2010 жылы пайдалануға берілген жобаның бірінші кезеңін ескере отырып, кірпіш өндірісінің жалпы қуаттылығы жылына 90 млн дананы құрайды деп жоспарланып отыр. Өнімнің сапасы кірпішті бірнеше қабатты үйдің құрылысы үшін де, биік ғимараттар салу үшін де пайдалануға мүмкіндік береді.

«Ақтөбе облысында «Зерде – Керамика Ақтөбе» ЖШС керамикалық плиткалар мен керамогранит шығаратын зауыт іске қосылды. Кәсіпорын «Ақтөбе» индустриялық аймағындағы ірі жобалардың бірі болып табылады. Зауыттың қуаттылығы жылына 5 млн шаршы метр керамогранит пен керамикалық плитаны құрайды. Жобаға салынған инвестиция көлемі –­ 9,2 млрд теңге.

Өткен жылдың желтоқсан айында Қызылордада «Orda Glass Ltd» ЖШС шыны зауытының балқыту пеші іске қосылған болатын. Өндірісті толыққанды іске қосу ағымдағы жылдың наурыз айына жоспарланып отыр. Жылына 197 100 тонна шыны өндіретін бұл зауыт «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағында орналасқанын атап өткен жөн. Зауыт толықтай іске қосылғаннан кейін өз өнімдерін ішкі нарыққа, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан сияқты елдерге жіберетін болады», - делінген министрлік хабарламасында.
Құрылыс индустриясын дамыту мақсатында 2025 жылға дейін жалпы сомасы 1066 млрд теңгеге 165 жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-мен бірлесіп 8 616 жаңа жұмыс орнын аша отырып, жалпы сомасы 601,3 млрд теңгеге импортты алмастыратын 35 жоба іске асырылып жатыр. Бұл ретте, әрлеу сегментінің қосылған құны жоғары тауарлар (әрлеу материалдары, түсқағаздар, линолеум, жылу оқшаулағыш материалдар, санфаянс және шыны өнімдері) импортқа тәуелді құрылыс материалдары болып қала бермек.