"Біздің құқық қорғау органдары бұл лаңкестік әрекетке дер кезінде жауап бере алмады" - ҚР СІМ шетелдік БАҚ-қа сұхбат берді

19 қаңтар 2022, 16:17

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің басшысы Мұхтар Тілеуберді батыстың БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, еліміздегі қаңтар айының басында орын алған тәртіпсіздіктерден кейінгі жағдайдың жақсарып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол мемлекеттік төңкерістің алдын алуға көмектескен ҰҚШҰ күштері республика аумағынан шығарылып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Euractiv порталының жазуынша, Мұхтар Тілеуберді журналистерге арналған брифингті Брюссельде өткізген.

Тілеуберді журналистермен кездесуде бейбіт түрде басталған шерулерді лаңкестер басып алғанын растады. Сондай-ақ ол еліміздің құқық қорғау органдары мұндай сынаққа дайын болмағанын мәлімдеді.

Сыртқы істер министрі елде лаңкестердің "жасырынған" орындары бар екеніп мойындағанымен, олар туралы ақпараттардың әлі де аз екенін айтты.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің басшысы ҰҚШҰ әскерлерінің ұлттық банк сияқты аса маңызды мекемелерді күзетуінің арқасында ауқымды апаттың алды алынғанын айтты.

Журналистердің қазақстандық құқық қорғау органдары тәртіпсіздіктер кезінде жағдайды бақылаудан шығарып алды ма деген сұрағына министр былай жауап берді:

"Иә, біздің құқық қорғау органдарының бұл ауқымды және жақсы ұйымдастырылған лаңкестік әрекетке дер кезінде жауап бере алмағанын өкінішке орай мойындаймыз. Сол себепті бізге ҰҚШҰ көмегіне жүгінуге тура келді", - деді Тілеуберді.

Ал, Назарбаев қайда деген сұраққа министр алдымен білмеймін деп жауап беріп, кейіннен тұңғыш президенттің денсаулығының жақсы екенін және өзінің Қазақстанның астанасында екенін айтқан бейнеүндеуге сүйенді.

Сонымен қатар журналистер Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басшысынан тәртіпсіздіктерге Назарбаевтың немесе оның отбасы мүшелерінің қатысы бар-жоғы туралы сұрақ қойды. Тілеуберді олай ойламайтынын алайда "барлығын тергеу нәтижесі көрсетеді" деп жауап берді.

Қазақстандағы қақтығыстар

Еліміздегі қайғылы оқиғалар 2022 жылдың қаңтар айында орын алды. Барлығы сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауына қарсы жаппай наразылықтан кейін басталды. 2 қаңтарда еліміздің батысындағы Жаңаөзен қаласында басталған митингктер кейін Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасын тапты.

Алайда, бейбіт шерулер кейін жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян көрді. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.

Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.

Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.

Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.

5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, тәртіпсіздіктерден 227 қазақстандық қаза тапқан, олардың 19-ы әскери қызметкерлер. Тек Алматының өзінде 149 азамат, оның ішінде 11 тәртіп сақшысы көз жұмды. Қазақстанда барлығы 4353 адам, оның ішінде 3393 қауіпсіздік қызметкері залал көрген.