Дәрігер Комаровский: Қазақстанның болашағы қазір Украинада анықталуда

11 наурыз 2022, 15:55

Украиналық дәрігер-педиатр Евгений Комаровский Украинада болып жатқан қақтығыста Қазақстанның болашағы шешіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы дәрігер Forbes Kazakhstan журналының шығарушысы Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
"Мен саясаткер емеспін", - деп бірден ескерткен Комаровский Украинада 24 ақпанда басталған қақтығысқа қатысты өз ойын айтты. 

"Ең негізгі мәселе сол, Украинаның тәуелсіз ел екені Ресей билігі үшін ешқашан аксиома (авт.дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым) болмаған", - деген дәрігер Ресей мен Украинаны көптеген дүниелер байланыстыратынын атап өтті. Оның ішінде: экономикалық, туыстық байланыс, шикізатқа тәуелділік, бизнес бар. 

"Бөлінуге жасалған кез-келген қадамдарды Ресей сатқындық деп қабылдады. Мәселен, Украина тек бір ғана мемлекеттік тілге - украин тіліне құқылы екені, Украина Ресеймен экономикалық және әскери одаққа кіргісі келмейтіні және Еуропаның мүшесі болғысы келетіні опасыздық деп танылды. 

Бір елдің билігі екінші бір тәуелсіз мемлекетке қандай тілде сөйлеу керектігін, кіммен дос болып, қандай шіркеулерде дұға ету керектігін, қандай ұйымдарға кіру керектігін айтуға құқылымыз деп ойлайды", - дейді Комаровский. 

Дәрігердің айтуынша, украиналықтар ешқашан "орыстармен қақтығысқа түсеміз болмаса бір-бірімізге оқ атамыз" деп ойламаған. Осы орайда дәрігер Қырымдағы аннексияның қантөгіссіз болғанын еске салды.

"Бірақ 2014 жылы біздің көзіміз ашылды. Ресейдің кез-келген нәрсеге баратынын түсіндік. Ерте ме, кеш пе, Ресейдің қатаң шаралар қолданатынына, бірде-бір сөзге сенуге болмайтынына көзіміз жетті", - дейді Комаровский. 

Комаровскийдің пікірінше, Ресей билігі украиналықтар орыс әскерін "гүлмен қарсы алады" деп қателесті. Себебі 30 жылда Ресеймен бірге өмір сүріп көрмеген және өз елін қорғауға дайын жаңа ұрпақ өсіп-өнген. 

"Біз әлемдегі үшінші ядролық әлеуеттен бас тарттық. Оның есесіне біз қауіпсіздікте, ал шекарамыз тұтас болып қалады деп уәде берілді. Бірақ кепіл берген мемлекет ақырында біздің жерімізге аннексия жасады. Енді Қазақстан да өзіне берілген кепілдің құны бір қағаз да тұрмайтынын түсініп жатыр деп ойлаймын. Сіздерге де бұл туралы ойланып, мұны талқылау керек. Қазір мұны Қазақстанда түсінгені маңызды. Өйткені қазір Қазақстанның болашағы Украинада анықталуда", - деді Комаровский. 

Бұдан өзге, Комаровский мен Байтасов Украина мен Қазақстандағы ядролық зертханалар, орыс әскерінің шығыны, бейбітшілік шарттары мен гуманитарлық дағдарыс туралы әңгімелесті. 

"Бүгінгі күнге 70 өлтірілген бала, 200-ден аса талқандалған аурухана. 2,5 миллион қашқын - әйелдер мен балалар. Бұл 1941 жылға ұқсайды", - деп күңіренді Комаровский. - Тағы қайталап айтамын, біз қазір Қазақстан тұрғындарын осы оқиғаның қайталануынан қорғап жатырмыз. Бізді Будапешт меморандумымен алдады, сіздерді де алдады. Сіздің елдегі әрекеттерді көрдім, қазіргі уақытта жалғыз емес екенімізді сезіну - біз үшін өте маңызды", - деп мәлімдеді дәрігер. 

Бұдан өзге, Комаровский қазақстандықтарды өз елінен кеткісі келетін ресейліктерді қабылдауға шақырды.