Дәрігерлер маңғыстаулық жасөспірімнің кеудесінен оқ алды

23 ақпан 2022, 16:41

Баланың ата-анасы болған жайтты полицияға хабарламауды ұйғарған

Дәрігерлер эндоскопиялық жабдықтың көмегімен жасөспірімнің кеудесінен пневматикалық қарудың оғын алды. Бұл туралы блогер Азамат Сәрсенбаев Facebook желісінде хабарлады.

Оқиға сенбі, 19 ақпан күні болған. Кеуде тұсына оқ тиген 16 жастағы жасөспірім Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілген.

"Бірге келген адамдардың айтуынша, жасөспірім "Ақбота" саябағындағы аттракциондардың бірінде (тирде) абайсызда жарақат алған", - деп жазды Сәрсенбаев.

Дәрігерлер толық тексерістен өткізіп, 22 ақпанда жасөспірімнің кеудесінен бөгде затты алу операциясын жасады. Операция шамамен 40 минутқа созылды. Эндоскопиялық жабдықтың арқасында ота балалар ауруханасының қабырғасында жасалды. Қазір жасөспірім үйге шығуға дайындалып жатыр.

Маңғыстау облысының полиция департаменті де оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

"Бұл факті бойынша полицияға ешкім арызданбады. Ата-анасы ешкімге шағымданғысы келмейтінін айтты", - деп хабарлады полиция Sputnik Қазақстанға.