Дариға Назарбаева Мәжілістен кетті - БАҚ

25 ақпан 2022, 09:57

Дариға Назарбаева Мәжілістен кететінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

"Бүгін мен Парламент Мәжілісінің депутаты ретіндегі өкілеттігімді тоқтатып, әлеуметтік-гуманитарлық, мәдени-қайырымдылық шараларға толықтай жұмылу туралы шешім қабылдадым.

Nur Otan партиясына дауыс берген Қазақстан халқына, маған сенім артқан партияластарыма, ел басшылығына алғыс айтамын", - деді Дариға Назарбаева.

Ол қайғылы қаңтар оқиғасы туралы айта келе, ел мүддесіне қызмет ететінін, ол үшін лауазым қажет емес екенін айтты.

"Отанымыздың бүгіні мен болашағы үшін, оның ұлттық егемендігі мен тәуелсіздігін сақтау үшін, бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін қоғамның бірлігі мен ынтымағын паш етуіміз керек. Мен еліме, оның мүддесіне қызмет ете беремін. Ал бұл үшін лауазым қажет емес", - деді депутат Дариға Назарбаева.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева еңбек демалысында және коронавирустан кейін оңалту курсын алып жатқаны айтылған еді. Бұл ақпаратты депутаттың көмекшісі Жанна Ермакова растаған болатын.