Демалыс күндері Қарағанды облысында екі адам суға батып кетті

16 мамыр 2022, 14:51

Өткен демалыс күндері, яғни 14-15 мамырда Қарағанды облысында төтеншеліктер 62 рет құтқару жұмыстарына, оның ішінде өрт сөндіру және жану бойынша – 45 рет, авариялық-құтқару жұмыстарына 12 рет шығып, 4 адамды құтқарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 14 мамыр күні сағат 12:00-де Ақтоғай ауданы Қошқар ауылынан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан Қусақ ауылдық округінде 2001 жылы туған жас жігіт мен 2007 жылы туған жасөспірімнің із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Іздестіру жұмыстарын ТЖ, полиция департаменттері, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті тұрғындар жүргізді.

«Іздестіру жұмыстарына барлығы 84 адам, 2 құтқарушы, 29 техника мен 2 қайық жұмылдырылды. Сағат 12:35-те жергілікті тұрғындар өзеннен 2001 жылы туған жігіттің денесін тапты. Екінші адамның мәйітін құтқарушылар сағат 17:55-те Қусақ өзенінен 6 метр тереңдіктен тапты. Өлім мән-жайлары анықталды», - делінген ТЖД хабарламасында.
Қарағанды облысының ТЖ департаменті суға түсу маусымы әлі басталмағанын, сондай-ақ шомылу кезеңінде қайғылы жағдай болмас үшін судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді:

- Жүзу білмесеңіз, белден жоғары деңгейдегі суға кірмеңіз;
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- Мас күйінде суға түспеңіз;
- Бейтаныс жерлерде шомылмаңыз;
- Жағадан алысқа жүзбеңіз;
- Кешкі уақытта суға түспеңіз.