Депозитке 10% өтемақы төлеу: депутат бастамаға неге қарсы екенін түсіндірді

03 наурыз 2022, 14:52

Бюджет ақшасы – бұл, бірінші кезекте, халықтың ақшасы, деді Жамалов

Amanat (бұрынғы Nur Otan) партиясынан мәжіліске сайланған депутат Аманжан Жамалов депозиттер бойынша 10% сыйақыны неге алып тастауды ұсынғанын түсіндірді, деп жазады Sputnik.

"Депозиттерді өтеу туралы шешім азаматтар мүддесінен емес, тегін олжа болып табылатын қосымша 700-800 миллиард айналым қаражатын алатын банктер мүддесінен туындап отыр. Осы қаражатты олар бизнес пен халыққа "тонаушылық" процентпен таратады немесе 13,5%-пен Ұлттық банктің ноталарына салады", - деп жазды бейсенбіде депутат.

Ол бұл ақшаны олар бюджеттен, салық төлеуші есебінен алатынын ерекше атап өтті. Жамалов бюджет ақшасы – бұл, бірінші кезекте, халықтың ақшасы деп отыр.

"Кімге әрі нені өтегіміз келетінін түсінуіміз керек. Өтелуге жататын депозиттер бойынша жоғарғы шек 20 миллион теңге. Яғни, әңгіме мүлде кедей емес адамдар туралы болып отыр. Бұл ақылдысымақтар не үшін бюджет ақшасын бай адамдарды қолдауға жұмсау керек екенін түсіндірсін", - деп ашынды депутат.

Жамаловтың айтуынша, кез келген девальвацияның негізгі жағымсыз тұсы – бағаның өсуі. Ол мұның іс жүзінде кедейлерге салынатын салық екенін алға тартты.

"Егер кімде-кім мемлекеттен өтемақы алуға тиіс болса, бұл - кірісі төмен отбасылар, зейнеткерлер мен мүгедектер. Сондықтан да әлеуметтік төлемдерді – зейнетақыларды, жәрдемақыларды, атаулы көмекті басымдықты түрде индекстеу қажет. Неліктен "экономистердің" түсініктемелерінде азаматтардың зейнетақы жинағын теңге бағамының құлдырау деңгейіне өтеу туралы мәселе көтерілмейді?", - деді ол.

Депутат бұл банктердің өзіне ешқандай тікелей дивиденд бермейтіндіктен деп санайды.

"Банктер халыққа жоғары процентпен асыра кредит беріп тастаған. Банктер валюта нарығындағы бағамды шайқап отыр. Олар бюджеттен субсидия алып, Ұлттық Банктің ноталарынан қосымша табыс табады. Экономикаға кредит бермейді", - деді Жамалов.

Айуынша, рубль бағамының құлдырауын пайдалана отырып, Ұлттық Банк қарбалас жағдайда девальвация жүргізгісі келетіндей әсер қалыптасады.

"Шын мәнінде, барреліне 110 долларды құрайтын мұнайдың қазіргі бағасы кезінде теңгенің экономикалық негізделген бағамы бір доллар үшін 420-440 теңге болғандағы шамада. Яғни, девальвация үшін алғышарт жоқ. Әрі уақыт өте келе теңгенің бағамы өзінің экономикалық негізделген мәніне қайта оралуға тиіс", - деп жазды депутат.

Жуырда теңгенің күрт құнсыздануына байланысты жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттерін қорғау бағдарламасы жүзеге асырылатыны хабарланған болатын.

Бұл істі Ұлттық банк пен үкімет бірлесе қолға алды.

Бағдарламаға 2022 жылдың 23 ақпанының соңындағы жағдай бойынша салымдарға кепілдік беру жүйесіне қатысушы – бір немесе бірнеше екінші деңгейлі банкте және "Отбасы банк" акционерлік қоғамында ашылған жеке тұлғалардың теңгедегі салымдары қатысады.

Бағдарлама ағымдағы және карталық шоттарға, сондай-ақ талап етілгенге дейінгі депозиттерге және шартты депозиттерге қолданылмайды.