Екібастұз әкімінің орынбасары ұсталғаны туралы ақпарат расталды

01 қазан 2021, 10:14

Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметовке және қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі.

Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шенеуніктердің күдікке ілінгенін жеткізді.

 
“Олар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігерлік ұйымдардан жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді. Тергеу жалғасуда, қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.


Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Шырын Қайырбекқызы шенеуніктерді ұстау фактісін растады.

"Иә, бұл шынымен де рас. Олар куәлік беру үшін ұсталды. Қазіргі уақытта бізге ешқандай ақпарат берілмеді", – деді ол.

Еске салсақ, әлеуметтік желілерде Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары мен оның қарамағындағы екі адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды.