Елімізде 200 жаңа мектеп салынбақ

27 қаңтар 2022, 16:22

Еліміздің батысы мен оңтүстігінде жаңа мектептер салу үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлінбек. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
Министрліктің отырысында Тоғжанов аталған аймақтардағы мектеп құрылысын жоспарлауға бір апта уақыт берілетінін айтты. 

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен, "Ауыл ел бесігі" бағдарламасы аясында еліміздің батыс және оңтүстік аймақтарында білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу үшін қосымша 20 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бір аптаның ішінде әкімдіктермен бірігіп, аталған аймақтарда білім беру нысандарын соғу жоспарын әзірлеу керек", - деді Тоғжанов. 

Ол әсіресе апаттық жағдайдағы, үш ауысымды мектептерге көңіл бөлуді тапсырды. 2022 жылы бас-аяғы 200 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтты. Мектептер мемлекеттік бюджеттің, мемлекеттік жеке серіктестіктің және мемлекеттік білім беру тапсырыстарын жеке мектептерде орналастыру есебінен салынбақ.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Алматы өңірлеріне мұғалімдерді тарту үшін қандай шаралар атқарылатыны айтылған еді. Оларға жалақыны көтеріп, тұрғын үйді жалға алу мен комуналдық қызметтерге төлеу сияқты әлеуметтік қолдау көрсетілетіні айтылды.