Еліміздің 11 аймағында зорлық-зомбылық көрсетілді – Бас Прокурордың «қаңтар оқиғасына» қатысты мәлімдемесі

14 наурыз 2022, 11:07

Бүгін Мәжіліс отырысында Бас Прокурор Берік Асылов қаңтардағы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
«Қазақстан тәуелсіздік жылдарында мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болып отыр. Енді «қасіретті қаңтардың» артта қалған күндерін мұқият саралап, тиянақты бағалауға болады. Митингтер бастапқыда бейбіт болғаны түсінікті, 1 қаңтардан бастап Батыс Қазақстан өңірлерінің тұрғындары газ бағасын төмендетуді талап етті. Яғни, ешқандай саясат болған жоқ, экономикалық талаптар қойылды.

Үкімет комиссиясы газ бағасына қатысты талапты қанағаттандырды. Осыған қарамастан Алматы, Шымкент секілді өзге де қалалар мен өңірлерде жұрт көшеге шықты. Қатысушылардың саны 2 күнде 50 мыңнан асты. Ең көбі – Алматыда. Басында жиын бейбіт сипатта басталған. Кейін жағдай бақылаудан шықты. 3-5 қаңтар аралығында Мемлекет басшысы демонстранттарға үндеу жолдады», - дейді ол. 
Оның айтуынша, осыған қарамастан радикалдық элементтер белсенді, қатаң әрекетке көшкен. 4-5 қантарда жиын агрессивті топқа айналып, 11 аймақта зорлық-зомбылық сатысына өтті.