Елордадағы шағын аудан тұрғындары мектеп салуды талап етуде

19 ақпан 2022, 13:28

Елордадағы шағын ауданның 1200 орындық мектебінде бала саны 3 есеге артып кеткен. Үркерліктер мәселелерін шеше алмай жүргелі 10 жыл болғанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасай отырып.

 Айтуларынша, 30 мың халыққа бір ғана мектеп тарлық етіп отыр.  Үркер шағын ауданында қазір 1200 оқушыға арналған бір ғана мектеп бар. Бірақ, тұрғындардың айтуынша онда 3500 бала білім алып жүр. Сыймағаны астанадағы өзге мектептерге барып оқиды. Бұл ата-ана үшін де, бала үшінде қиынға соғады дейді. Олар шағынауданда бос орынның көптігін алға тартып, мектеп салуды талап етті.

«1-ші сыныпты алатын болсақ, бізде 17 бірінші сынып бар. Кептеліс болады мектепке кіріп-шыққанша балалар. Сондықтан осы мектеп бізге қазір ауадай қажет. Өйткені балалардың саны өсіп жатыр. Өзіміздің Президент атағандай, балалар жылы болғандықтан,  балалардың жағдайын жасауды талап етеміз», дейді Үркер ауданының тұрғыны Айгүл Байтұрсынова.
 Жергілікті әкімдік 10 жылдан бері мектеп, балабақша, оқушылар үйін тұрғызамыз деп уәде берумен келе жатқанын жеткізді. Бірақ әлі күнге бірде -бірі орындалмағанына ашулы.

Әкімшілік болса, 30 мың халқы бар ауыл үшін бір мектеп аздық ететінін мойындайды. Айтуларынша, Білім басқармасынан Үркер шағын ауданына мектеп салу туралы өтінім 2020 жылы ғана түскен. Оған дейін мұндай жоспар болмағанын айтты. Сондай-ақ, 900 орындық жаңа мектептің құрылысы жазда басталмақ. 1 жылдан кейін оқушылардың жаңа ордаға кіретінін шенділер сенімді.   

«Бізге Білім басқармасынан аталмыш ауылда мектеп тұрғызу туралы өтінім 2020 жылы түсті. Қазіргі таңда барлық жоспары дайын. Нысанға арнайы ақша бөлінді. Бірақ нақты қанша қаражат жұмсалатынын белгісіз. Ол сараптама жұмысы біткенде белгілі болады. Ал сараптама 2 айдан соң шығады», - деді Нұр-Сұлтан қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Амангелді Саттаров.
Дегенмен қала әкімдігі өкілі тек бір ғана мектеп  салуды ғана жоспарлап отыр. Бірақ ол мәселені шешпейтіні айдан анық. Құрылыс басқармасы  спорт кешені мен оқушылар сарайын тұрғызу мүлде жоспарда жоқ деді.