Елорлық азамат анасының ақшасын тартып алғаны үшін түрмеге қамалды

07 қазан 2021, 12:53

Нұр-Сұлтанда қарт анасының ақшасын тартып алып отырған ер азамат 20 тәулікке қамалды, деп хабарлайды  Stan.kz ақпарат агенттігі Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеріс барысында учаскелік инспекторға кейуана шағымданған. Айтуынша, 34 жастағы ұлы үйде жанжал шығарып, анасының ақшасын алып кетіп тұрған.

 
Ер адам бұған дейін де жауапқа тартылғанымен, тәртібі түзелмеген. Ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімі бойынша оған 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

Айта кетсек, жедел-профилактикалық іс-шара барысында барлығы 16 мыңға жуық азамат әкімшілік жауапқа тартылған. "Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің" 492 "Ел аумағында тіркеусіз тұру" бабы бойынша – 5849, 434 "Ұсақ бұзақылық" бабымен – 167, 440 "Қоғамдық орындарға масаң күйде келу" бабы бойынша – 2152 жеке тұлға жауапқа тартылды.