Енді әкімдіктердің жерді пайдалануды бақылауға құзыреті жүрмейді

27 қаңтар 2022, 09:42

Әкімдіктер жер беруді және берілген жердің пайдаланылуын бақылау жөніндегі функцияларынан айырылды, деп хабарлады Zakon.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2014 жылдан бастап Жер қатынастары және мемлекеттік бақылау басқармалары облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің құрамына кіріп, онда «мүдделер қақтығысы» болған-ды.

Осыған байланысты, 2021 жылғы 30 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданған еді. Ол жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функцияларын 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап аумақтық бөлімшелерін құра отырып, орталық уәкілетті органның ведомствосына беруді көздейді.

Осылайша, жер беру жөніндегі функциялар әкімдіктерде қалды, ал әкімдіктердің жер беруін және меншік иелерінің/жер пайдаланушылардың жерді пайдалануын бақылау жөніндегі функциялар аумақтық департаменттерді құру арқылы АШМ Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді.