Ел жаңалықтары

«Ерекше келбеті үшін қызымды балабақшаға алғылары келмеді» - альбинос қыздың анасы

  • «Ерекше келбеті үшін қызымды балабақшаға алғылары келмеді» - альбинос қыздың анасы

    «Ерекше келбеті үшін қызымды балабақшаға алғылары келмеді» - альбинос қыздың анасы

Нұр-Cұлтан қаласындағы альбинос қыз Аиданың өмірі 

ДӘРІГЕРЛЕР ТАҢҚАЛДЫ

Нұр-Сұлтандық Жексеновтер отбасы періште кейіптегі қуыршақ қыздарын 18 жыл бойы күткен. Содан да болар отағасы Талғат Жексен жары Қайыржамалмен босануға бірге кіріп, 2014 жылы 8-ші ақпан таңғы сағат 4:30-да ақшақарға ұқсайтын кішкентай Аиданы қолына алған.

Шашы мүлдем көрінбейтін, көздері күлгін түсті, кірпіктері аппақ кішкентай қызды алғаш көрген кезде дәрігерлердің өзі таңданыстарын жасыра алмаған. Тіпті, Қайыржамалды босандырған акушер дәрігер Аиданың диагнозын екінші әріптесі келіп айтқанша, нақты қоя алмай сасқалақтаған.

«Ең алғаш оны көргенде біз тұрмақ, дәрігерлердің өзі таңғалды. Қызым дүниеге келгенге дейін, әкесі екеуміз «альбинос» адамдардың болатынын білмеппіз. Дәрігер  «бұл альбинос» қыз дегенде барып, интернетті ашып, альбиностар туралы түрлі ақпараттарды оқи бастадық», - дейді Аиданың анасы.

«МЕН ОРЫС ЕМЕС, ҚАЗАҚПЫН»

Өзін көруге журналистердің келетінін естіген Аида аппақ көйлегін киіп, бізді кіре берістен күтіп алды. «Сәлеметсіз бе?!» деп күлімдеп тұрған кішкентай қыз тура бір қуыршақ іспетті. Өзгелерден «ерекше» екенін сезетін ол: «Менің осындай болғанымды ата-анам қалаған» деп ақырын ғана сыбырлап, жылы жымиды.

Анасының айтуынша, Аида балабақшаға барғанға дейін, өзінің өзгелерге ұқсамайтынын  мүлдем аңғармаған. Бірнеше күннен кейін ғана ол үйге келіп, «Анашым, неге менің шаштарым аппақ, неге мен басқа балаларға ұқсамаймын?» деген сұрақты төтесінен қойған. Аиданың бұл сұрақты бір күні қоятынын іштей біліп жүрген анасы: «Сенің осы кейіпіңді әкең екеуміз Алладан сұрап алдық» деп түсіндіруге тырысқан.

«Аида, қазір 6 жаста. Оған альбинос адамдар болатыны туралы айту әзірше ертерек сияқты. Ақылы кіріп, оң-солын танығанда міндетті түрде біз оған бәрін түсіндіреміз. Оның түрі ғана өзгеше болғанымен, қалауы, эмоциясы бәрі басқа балалардыкіндей», - дейді ол.

Дәрігерлердің айтуынша, Қазақстанда альбиностың дүниеге келуі бір миллион адамнан біреуге тең. Сондықтан болар «көшеге шыққанда көпшілік Аидаға таңғалыспен қарап, ұзақ уақытқа дейін мойындарын бұрып тұрады» дейді анасы. Ауладағы балалар болса оны «орыс қыз» деп атап, Аидамен ойнауды қызық көреді екен.

«Бірде Аида алтыбақан тебуге шығып, аулада ойнап жүрген. Содан көрші қыздар өзара «Анау орыс қызды қара, ойнауға шақыршы» деп айтып жатыр. Бәрін түсініп тұрған Аида жұлып алғандай «Мен орыс емес, қазақпын» деп жандарына барды. Сөйтіп балалармен араласып кетті. Содан бері аулаға жалғыз өзін жібере береміз», - дейді әкесі.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ҚҰЖАТ АЛЫП ЖҮРУГЕ МӘЖБҮРМІЗ

Кішкентай күнінде Аида адамдардың сұқтанып қарауын көтере алмай, жиі ауыратын болған. Тұңғыштары Абылайдан кейін, 18 жыл бойы күттірген қыздарының денсаулығына алаңдаған ата-анасы біразға дейін оны көпшілік арасында алып жүруден қорыққан. Қоғамдық көлікпен жүрген кезде түрлі эмоцияларды бастан кешіреміз деген кейіпкеріміздің анасы қазір қызының құжатын өзімен алып жүретін болған.

«Қоғамдық көлікте жүрген кезде көпшілік Аиданың менің қызым екеніне сенбей жатады. «Орыс қызды асырап алғансыз ба?» деп таңданып, күмәнмен қарайтындар көп. Электричкамен, автобуспен жүргенде бөтен қызды алып жүрмегенімді дәлелдеу үшін, Аиданың туу туралы куәлігін өзіммен алып жүруге мәжбүрмін», - дейді Қайыржамал.

Аиданың анасы кішігірім асхананы жалға алып отырған шағын кәсіпкер, әкесі қаладағы компаниялардың бірінде көлік жүргізушісі болып істейді. Ағасы Абылай болса оқуын енді бітірген жас маман. Отағасының сөзінше, кейбір таныстары «Аиданы модель етіп, неге көп ақша таппайсыңдар» деп ақыл айтатын көрінеді.   Қыздарының альбинос екенін алға тартып, оңай ақша табуды қаламайтын отбасы: «Аида өскенде өзі таңдау жасайды» дейді. Небәрі 6 жаста болса да, Аида ана тілінен бөлек, орыс тілінде таза сөйлейді. Ағылшын тілін қосымша үйреніп жүрген бүлдіршін өскенде балерина болғысы келеді екен.

КҮНГЕ ШЫҚСА ҚИНАЛАДЫ

Жексеновтер әулетінде бұған дейін альбинос адам өмірге келмеген. Қыздарының сыртқы келбетінің ғана ерекше екенін түсінген туыстары оны бірден жылы қабылдап кеткен. Ата-анасы Аиданың көз жанарының фокусы нашар болғандықтан, күнге шыққанда ғана қиналамыз дейді.

«Ыстық күнде денесі ашық жүруге болмайды. Жазда үнемі басын, бетін күннен жауып тұратын бас киімдер киіп жүреміз. Альбиностардың есту және көру қабілеттері төмен болады. Бірақ Аиданың есту қабілеті өте жақсы. Тек көз жанары жарықты бірден қабылдай алмайтындықтан, кейде қарсы алдында тұрған заттарға соғылысып қалады. Жыл сайын дәрігерлердің тексерісіне өзіміз барып тұрамыз. Ешқандай ауруханада тіркеуде тұрмаймыз», - дейді әкесі.

Аиданы анасы алғаш балабақшаға апарғанда мекеме басшысы қызды қабылдауға қорқақтаған. Анасының сөзінше, басшылық өзге ата-аналар альбинос қызды қалай қабылдайтынын ойлапты.

«Бастапқыда балабақша басшысы Аиданы қабылдағысы келмеді. Мен қызымның өзге балалардан еш айырмашылығы жоқ, оның тек сыртқы келбеті ғана аппақ екенін айтып, біраз сөйлескеннен кейін, ғана келісімін берді. Қазір қызым да, балабақшадағы достары да оған үйреніп кетті»,-дейді анасы.

Сұхбаттасқан - Айжан Қалиева

azattyq-ruhy.kz

 




Көрілген: 331    Пікірлер: 0

бейсенбі, 06.02.2020, 10:15

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Маусым, 09:49
    Балаларымен қауышты

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30