Ерлан Қиясов Қазақстанның бас санитар дәрігері қызметінен кетті

27 қаңтар 2022, 10:49

Ол 2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері болып тағайындалған болатын

Үкімет қаулысымен Ерлан Қиясов берген өтінішіне сәйкес денсаулық сақтау вице-министрі — Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері қызметінен босатылды, деп хабарлады премер-министрдің баспасөз қызметі.

Ерлан Қиясовтың өмірбаяны
Ерлан Қиясов 1973 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік медицина университетін, Орталық Азия университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Тұран-Астана университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1990 жылы "Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасы" реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің санитары болып бастады.

1997-1999 жылдары Алматы қаласындағы Қазақстанның әуе көлігіндегі орталық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының санитар дәрігері, дәрігер-эпидемиологы болды.

1999 жылдан бастап 2020 жылға дейін Қазақстан президенті Іс басқармасының медициналық орталығының құрылымында — санитарлық-эпидемиологиялық станцияда жалпы гигиена бойынша санитарлық дәрігер, жедел бөлім меңгерушісі, санэпидқадағалау басқармасының эпидемиологиялық бөлімінің бастығы, "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы" РМК директоры, басшының орынбасары болып жұмыс істеді.

2020 жылдың қыркүйегінде денсаулық сақтау вице-министрі – Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері болып тағайындалды

sputnik.kz