Ғылым министрі Саясат Нұрбек: Салафизмге ешқандай қатысым жоқ

14 маусым 2022, 13:38

 Жаңадан құрылған ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы Саясат Нұрбек әлеуметтік желіде таралған қауесеттерге жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Сізді әлеуметтік желіде жат ағымдармен байланыстырғандар болды. Нақтырақ айтқанда, салафизммен. Бекболат Тілеуханмен бірге түскен суретіңізді жариялап, сіз туралы түрлі әңгіме тарады. Діни көзқарасыңызды ашық айтыңызшы?" деп сұрады журналистер үкімет кулуарында министрден.

"Мен, Құдайға шүкір, мұсылманмын. Салафизмге ешқандай қатысым жоқ. Білесіздер, мен атам мен әжемнің қолында өстім. Менің атам Нұрбек деген кісі, Семей қаласында имам, молда болды. Сондықтан кішкентай кезінен мен дінге, исламға жақын адаммын. Бірақ ешқандай радикалды ағымдарға, секталарға, салафизмге қатысым жоқ. Оны ашық түрде айтуға болады", - деп жауап берді Нұрбек.

Ол Бекболат Тілеуханды өнері үшін сыйлайтынын атап өтті.

"Мыңдаған жастарымыз Бекболат ағамызбен суретке түскен шығар. Олардың бәрі салафит деп айтуға болмайды. Бекболат Тілеухан, ең бірінші, біздің ағамыз, ақын, өнер адамы. Сол себепті мен ол кісіні ақындығы үшін, өнері үшін, ал ағалығы үшін құрметтеймін, қадірлеймін", - деді ғылым министрі.

11 маусымда білім және ғылым министрлігі екі ведомствоға бөлінді. Президент жарлығымен Асхат Аймағамбетов оқу-ағарту министрі болып, ал Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды.