Кеше, 21 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы № 1019 жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өткізілетін болып шешілді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Осы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын. Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан өзгешелігі – бұдан былай Президент жеті жылға, бір мерзімге ғана тағайындалады. Президенттің бұл ұсынысы қоғамда үлкен қолдау тапты. Сарапшылардың пайымдауынша халық бұл сайлаудан көп үміт күтіп, көптеген оң өзгерістер болатынына сеніп отыр.
Владимир Витченко, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:
– Бүгінгі таңда елімізде көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Ал алдағы президент сайлауынан кейін бұл өзгерістердін нәтижесін халық айқын сезіне бастайды. Президент жеті жылға бір рет сайланатын болды. Меніңше бұл дұрыс. Бұл мерзім қолға алған бастамаларды аяқтауға мүмкіндік береді. Осы аралықта ол сайлауалды бағдарламасын жетілдіріп, тағы бір-екі жылын оны іске асыруға жұмсаса, қалған жылдары оның нәтижесін көре алады. Бір мерзімге ғана сайланатындықтан осы аралықта ел игілігіне бар күшін жұмсауға тырысады. Президент сайлауының 20 қарашаға тағайындалуы да дұрыс шешім. Бұл өзге де үміткерердің сайлауға дайындалуына мүмкіндік туғызады.
Мәслихатының депутатының пайымдауынша, еліміз жаңа саяси жүйеге көшіп жатыр.
Таяуда Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум өтті. Референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабына түзетулер енгізілді. Осылайша халыққа мейлінше еркіндік беріліп, демократия мен заң үстемдігі күшейтілді - дейді Владимир Витченко.
Владимир Витченконың айтуынша, Президент сайлауы өтісімен Парламент Мәжілісі және түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.
– Бұл сайлаулардың өзгешелігі бұрынғыдай тек партия өкілдері ғана емес, өзін-өзі ұсынушылар да қатыса алады. Бұл қоғамды демократияландырудың бір жолы. Енді мәжілісте халық арасынан сайланған өкілдер болады. Яғни, енді халықтың үнін парламент қабарғасында жиі еститін боламыз, - дейді Петропавл қалалық мәслихатының депутаты.