Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Инфляцияны да «импорттап» отырмыз

12 желтоқсан 2012, 12:52

«Баға жағадан алды». Өткен апталарда ауыл аралап, өз сайлаушысымен, жалпы, бұқара-жамағатымен жақынырақ жүздескен депутаттарға жұрттың басым бөлігі «бірінші тілек» дегенде сөй депті. Содан болса керек, Дариға Назарбаева жетекшілік ететін әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары мемлекеттік органдарға да, олар ұсынатын ресми статистикаға да қарамай, өз бетінше талдау жүргізген. Кеше комитеттің кеңейтілген отырысында сол талдау тыңдалып, талқыланып, халық қалаулылары биліктің атқарушы тармағына қарата бірқатар ұсыныстардың басын қылтитты.
Расында да, базардағы нарықтың парқы біздің рес­ми статистикаға еш бағынбай келеді. Дұрысын айтқанда, ресми һәм бейресми мәлі­мет­ті салыстыруға еш келмейді. Екеуінің арасы арандай. Мысалы делік, ресми дереккөзде жыл басынан бері еліміздегі азық-түлік тауарларының бағасы 3,8 пайызға артқан. Оның ішін­де азық-түлік емес тауарлар бағасы – 2,8 па­йызға, ақы­лы қызметтер 7,5 пайызға өсіпті. Сөйтіп, ста­тис­­тика агенттігі өзі ұсынған мұндай көрсеткішті әб­ден ынсапты дегенге кел­ті­реді. Алайда соңғы ай­ларда нақты сау­да­дағы, базардағы баға­лар­ды біле түс­кен сайын мұндай статистикаға қа­ра­пайым ха­лықты қойып, депутаттар да кү­мән­мен қарай бас­таған. «Басқасын қойыңыз, соңғы айлардың өзінде ет 2,5-3 мың теңгеге дейін өсті. Қымбаттау азық-түлік өнім­дерінің бар­лық түрлерін қамтыды. Баға ең кемі 10 па­йыз­ға артып отыр. Ендеше, мұндай бағаның өсімі жағ­дайында табысы күнкөріс себетінен де төмен аза­маттар қалай жа­нын бағады?», – дейді өз тал­­дау­ларына жү­гін­ген депутат Уәлихан Би­шімбаев. Де­пу­таттардың байбалам салатын жө­ні де баршылық. Мә­селен, елімізде табысы күн­көріс мөлшеріне де жетпейтін азаматтардың саны 22,8 пайызды құрайды. Бұдан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар санатына жататын­дар тағы бар.           
Осының бәрін жинақтай келсек, қазіргі уақытта жағадан алған баға біршама жұрт­шылықтың апшысын қуыра бастағанын мойындауға тура келеді. «Қазақстанда азық-түлік өнімдері себетіндегі жекелеген тауарлардың бөлшек саудадағы бағасы әлемнің ірі қалаларындағы бағадан жоғары. Оның ішінде Кедендік одақ ел­дерімен салыстырсақ та осылай. Егер жағ­дай­ды экономикалық, бағалық қолже­тімділік тұрғысынан қарастырсақ, онда азық-түліктің азаматтардың жекеле­ген санатындағы жұртшылық үшін қолже­тім­сіз болып бара жатқанын мойындауға тиіс­піз. Яғни жекелеген санаттағылар табы­­сын тек бала-шағасын тамақтандыру үшін ғана молынан жұмсауға барып жа­тыр», – дейді Уәлихан Қозыкеұлы.
Депутаттың айтуынша, 2007 жылдан бері азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуі салдарынан тұтыну себетіндегі азық-түлік үлесі 41,6 пайыздан 48,6 пайызға артқан. Мұның өзі тұтынудың нақты құрылымы азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерден бас тарту есебінен қалыптасып отырғанын аңғар­тады. «Мәселен, еліміздің ірі қала­ларын­да кейбір  отбасы табысының 60 пайыз­­ға жуығын азық-түлік өнімдеріне жұм­сайды. 35 пайызы азық-түлік емес тауарлар­ға тиеді, ал қалған бар-жоғы 5 пайызы ғана басқа қызметтерге қалады», – дейді Уәлихан Бишімбаев. Бір сөзбен айтқанда, талдау халықтың кірісі баяу қар­қынмен өсіп отырғанын, ал, керісінше, азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны бұдан әлдеқайда шапшаң болып отырғанын көрсеткен. Ендеше, депутаттар «мәселені ушықтыра беруге болмайды» деп дабыл қағады. Өйткені, бұған дейінгі қабылданған шараларға сәйкес, комму­налдық қызметтер төлемінің де еселеп артуы күтіледі. Бұл әлеуметтік шиеленіске әкелуі де мүмкін.
Бағаға не әсер етіп отыр?
Әлбетте, баға мәселесі Үкіметтің де қатаң қадағалауында. Сол үшін атқарушы билік әлеуметтік маңызды азық-түлік тауар­ларының тізбесін жасап, оны күнкөріс себетіндегі 43 тауардың 17 аталымы бойын­ша баға мониторингісімен  ұштас­тыр­ған. Алайда 2007-2012 жылдар бойынша әлгі себетке енетін тауарлардың жекелеген түрлерін елімізде өндіру біршама құлдилаған. Тек көкөніс пен жеміс-жидек өндіру мөлшері ғана шамалы өскенге ұқсайды. Онда да көкөніске баға маусымдық кезеңде төмендегенімен, жалпылама өсу сипатына ие. Әсіресе қияр мен қызанақ бағаны «сүйеді». Өйткені мұның ауқымды бөлігі импортталып, Қытайдан, Әзірбайжаннан, Қырғызстан­нан жеткізілуде. Инфляцияға әсер ететін бірінші себеп осыдан болса керек. Расында, Үкіметтің қауқары арқасында нан мен ұнға бағаны жергілікті билік әзірше уыста ұстап тұр. Ал басқасы ше?
Баға мәселесі туралы әңгімеде депутат­тар  соңғы бес жылда республика халқының саны 8,3 пайызға артқанын, мұндай жа­ғым­­ды үдеріс қарқыны сақталғанын айта­ды. Алайда ірі қара мал басының саны – 14 пайызға, қой – 6,6 пайызға, шошқа  35 пайызға кеміген (шошқаның саны кемігені түсінікті, басқасы ше?) Яғни мұндай статистиканың өзі отандық азық-түлік тауарларының жан басына шаққандағы үлесі кеміп отырғанын көрсетсе керек. Осындай жан басына шаққандағы тап­шылық жағдайында Қазақстан ет пен сүт өнімдеріне дейін импорттаудан арыла алмай келеді. Ал импорттың өзі көрші, сырт елдердің бағасына тәуелділікті білдір­мей ме? Ендеше, сайып келгенде, Қа­зақстан сүт пен ет өнімдерін ғана емес, инфля­ция­ны да «импорттап» отырғаны аң­­ғары­лады. Бұ­дан бөлек, депутаттық тал­даулар баға өсі­мі­нің нақты себебін оны реттейтін мем­лекеттік институттардың әлсіздігімен, қар­жы нарығының дамымай отыр­ған­дығы­мен, өндіріс көлемінің қыс­қарып, импорт­тың ұлғаюымен, өндіріс­тегі тағам өнім­­дерінің негізсіз ұсталып тұруы­мен тү­сін­­діреді. Ұлттық есеп жүргізудің же­тілмеуі де көлеңкелі экономикаға жол ашып, осы­ның өзі бағаның шарықтауына оң жағдай туғы­за­­тынға ұқсайды. Айтпақ­шы, ұлттық есеп жүргізу дегеннен туындай­ды.  Мәжілісмен Уәлихан Бишімбаев баянда­ма­сы барысында тіпті қызықты жайт­­тарды да дөп басып қалды. «Рас, Қа­зақстан ет пен сүт өнімдерін тек импорттап қана жатқан жоқ. Өзіміз де кейде экспортқа аз-маз шыға­рамыз. Мәселен, 2012 жылдың тоғыз айында сүт өнімдерінің Қазақстаннан басқа елдерге экспортының ауқымы өскен. Дегенмен қазақтікі қызық: өзі тоңазытыл­ған, сапасы төмендеу етті, ет өнімдерін им­порттап жегенімен қоймай, сыртқа «сіп-свежий» етті экспорттайды. Мұндағы логи­каны мен түк түсіне алма­дым? Мұндай тактиканы келешекте де ұста­на береміз бе? Бұл – ойландыратын мә­селе», – дейді Уәлихан Қозыкеұлы.
Талдау нәтижесіне сүйене отырып, халық қалаулылары биліктің басқа бұтағына қарата біршама ұсыныстарды жасауға мүдделі болып отырғандарын аңғартты. Ондай ұсыныстың шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік субсидиялауды ДСҰ елдеріндегі деңгеймен шамалап 10 пайызға дейін жеткізу ұсыны­лады. Бұдан бөлек, депутаттар нарық баға­сын төмендету үшін тікелей логистикалық тізбекті құруға және делделдарды жою тетіктерін іске қосуға назар аудартады.
Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Менің ойымша, азық-түлікке бағаның қымбаттауы елімізде сол саладағы өңдеуші кәсіпорындардың жоқтығына немесе тым аздығына тікелей байланысты. Беларусь пен Ресейден бізге ағылып келіп жатыр, өйткені оларда ауыл шаруашылығы тауарларын өңдейтін кәсіпорындар жүйелі жетілген. Етті консервіден бастап, дайын котлет күйінде таратады. Ал бізде ше? Малы, егіні, ұлан-байтақ даласы бар Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, оны дайын тұтынысқа жеткізетін өндіріс жоқтың қасы. Кеше ел аралағанда дәл осылайша бұрқыратып ет өңдеп, асып-тасып жатқан ірі кәсіпорындарды көре алмадым. Бәрі ұсақтау, қарапайым цехтың деңгейі ғана. Бұл – мал шаруашылығы үшін үлкен қасірет. 

Уәлихан БИШІМБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қалыптасқан ереже бойынша, мемлекеттің ішкі азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі үшін тұтынылатын тауарлардың 80 пайызы сол елде шығарылуы шарт. Немесе мемлекет белгілі бір азық-түліктің түріне маманданып, оның экспорты сыртқы сауда балансында оң сальдоға жағдай туғызуы керек. Сосын азық-түлік қауіпсіздігі егер сақтандырғыш қоры 60 күндік мерзімді ұстап тұратын болса немесе жылдық тұтыну мөлшері­нің 17 пайызымен жабдық­тал­са ғана қамтамасыз етіледі. Біздің бүгінгі жағдайымыз бұл сауалға жауап бере ме? Рас, Қазақстанның азық-түліктің барлық түрлерін қамтамасыз етуге әлеуеті жетеді. Оны сыртқы нарыққа экспорттауға да шамасы баршылық. Ендеше, мүмкіндікті іске асыратын мотивация керек.

Дариға НАЗАРБАЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы:
– Бұлай жалғаса берсе, жақында жағдайымыз еш түзелмейді. Қазақстанда тіршілік ететін жағдай жасамай тұрып, Аргентинадан, Австрия мен Германиядан асылтұқым­ды сиырды неге әкеле бергенбіз? Ең бірінші қажет шаруа кәсіби ветеринарлық көмек, бордақылау базасы мен білікті маман еді, осы үшеуі де бізде жоқ қой? Жалпы, біздің экономиканы дамытудың тереңнен қалыптасқан дәстүрі бар еді. Бұл – етті мал шаруашылығы. Еттің арқасында ата-бабамыз күнін көрді, тіршілігін оздырды. Ал қазір ше? Қазақстандағы ет Америкадағыдан қымбат! Бұл дұрыс па?