Интернет ауылдық дәрігерлердің қолын ұзартты

05 тамыз 2022, 14:07

Атырау облысына қарасты Ортақшыл ауылының дәрігерлері науқастардың жағдайын қашықтан бақылап отыратын мүмкіндік алды. Бұл ауылға кірген интернеттің игілігі. Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтыған "Қазақтелеком" салған инфрақұрылым, екінші жоба 250+ бағдарламасын жүзеге асыруға база болды. Осының арқасында интернет ауыл тұрғындарына да жетті.

Атырау қаласынан 63 шақырым қашықтықта орналасқан Ортақшыл ауылы республикалық маңызы бар "Атырау-Индер" тасжолы торабының маңынан орын тепкен. Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстанға түрлі тауарлар мен азық-түлік таситын алып жүк көліктері дәл осы елді мекеннің маңынан өтеді.

Жолымызда ең алғаш кезіккендердің бірі – ауылдың бас полицейі Ақтан Нұрмағамбетов болды. Жеті жылдан астам ішкі істер органдарында жұмыс істеп жүрген учаскелік инспектор елді мекен жол бойында орналасқандықтан, мұнда келіп-кетіп жатқан көліктердің әрбірі тексеруден өтетінін айтады. 

“Ортақшылда тәртіп қатал, ауыл шағын болғандықтан, бәрінен құлағдар болып отырамын. Оның үстіне өңірімізге сапалы интернет келгелі бері жұмысымыз тіптен жеңілдеді десем де болады. Бұрын мүлдем байланыс болмаған кезде ауылды жиі аралауға тура келетін. Қазір болса күніне бір рет рейд жасаймыз, қалған кездері ауылдықтар өздері хабарласып жатады. Барлығы мені таниды, нөмірімді біледі”, – дейді тәртіп сақшысы. 

Интернет ауылдағы қауіпсіздік мәселесін де реттеп беріпті. Статистиканы сөйлетер болсақ, соңғы екі жылда 1 ғана заң бұзушылық тіркелген. WhatsApp чаттары көшедегі қоқыстан бастап, күдік туғызар оқиғаларға дейін көршілердің дер кезінде жазып, сол сәтінде жауап алатын алаңқайына айналған.   

Айта кетсек, ауылды тұрғындары  “250+” бағдарламасы аясында кең жолақты байланыс желісіне 2019 жылы қосылған. Қазіргі кезде ауылдағы 330 үйге “Қазақтелекомның” интернеті қосылған, ал бұл жалпы тұрғындардың 97 пайызы. Қалғандары басқа оператордың байланысын қолданады. 

Ортақшылдағы интернет барлық саладағы жұмысты оңтайландыруға сеп болды. Әсіресе бір ауылға кейде үлгермей жататын бір дәрігердің қолы ұзарып, науқастардың хәлін бақылауда ұстауға интернетті “жұмсайтын” болды.   

Мәселен, 12 жылдан бері ауылдық дәрігерлік амбулаторияда қызмет етіп жүрген Айтолқын Қуанышқалиева қажет болған жағдайда науқастармен бейнеқоңырау арқылы хабарласып отырады екен. 

“Науқастарды үйлеріне барып тексеріміз, басқа қалаға кетіп қалса, қоңырау шалып, жағдайын бақылауда ұстап отырамыз. Ауылымыздағы амбулаторияда күндізгі станционарда ем алып, кешке үйлеріне жібереміз. Қазір шақыртулар бірнеше категорияға бөлінеді ғой. Сол себепті жеңіл ауруларға өзіміз барып, ем-дом жасаймыз. Денсаулығына шағым айтып келушілермен байланысты үзбеуге тырысамыз”, – дейді дәрігер. 

Айтолқын Қуанышқалиева бізге амбулаторияның ішін көрсетті: медициналық мекеме қаладағы емханалардан кем емес, таза әрі кең. Тіпті тегін Wi-Fi желісі де бар көрінеді.

“Негізінен интернеттің игілігін көріп отырғанымыз шындық. Жұмыс бабы бойынша жиі пайдаланамыз. Науқастардың ауруы туралы деректерді ауданға, облыс орталығына жолдап отырамыз. Кейде онлайн семинарлар мен шеберлік сағаттарына қатысамыз. Бұрын ғаламтор болмаған кезде Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларына бара алмай, осындай пайдалы дүниелерден құр қалатынбыз. Қазір ауылда жүріп-ақ, біліктілігімізді шыңдаудамыз. Wi-Fi желісі науқастарға да жақсы болды, амбулаторияда жатқан кезде видео қарап, жаңалықтар оқиды”, – дейді маман. 

Ортақшыл тұрғындарының жасы да, кәрісі де әкімдік ғимаратында орналасқан кітапханадан шықпайды екен. Ал 35 жылдан бері ауылда кітапханашы болып еңбек етіп жүрген Әлия Нұрмұханова бүгінде интернетті оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін пайдалануды үйреніп алған. 

“Мәселен, кітапханамызға жаңа кітаптар топтамасы келгенде ауылдықтар көп отыратын мессенджерлерге жағымды жаңалық жайлы хабарлап отырамын. Мұны естіген жұрт ертесі күні-ақ кітаптарды талап әкетеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар мессенджерге жазып, қажетті кітаптарына тапсырыс береді, мен барып апарып беремін. Өзім де заман ағымынан қалмай, интернеттен мақалалар оқып отырамын”, – дейді кітапханашы. 

Сөзінше, бүгінде интернет қосылғалы бері қағазбастылық азайып, кітапханадағы жұмыс біршама жеңілдеген. 

“Бұрын әрбір оқырман туралы мәліметті жеке-жеке парақ ашып, соған толтыратынбыз. Ал қазір барлығын компьютерге сақтап қоямыз. Барлық дерек сонда тұрады. Тіпті кітапты оқуға алып, кешіктіріп жатқандарға WhatsApp арқылы ескерту жасаймыз. Ал бұған дейін ол үшін үй-үйді аралап жүретін едік”, – дейді Әлия Нұрмұханова. 

Ортақшылда бүгінде 394 үй түтінін түтетіп отыр. 2012 жылдан бері ауылды басқарып келе жатқан Мереке Әділғалиевтің сөзіне сенсек, өңірдегі әлеуметтік нысандардың барлығы интернетпен қамтылған. Соның арқасында елді мекеннің тіршілігі тіпті қатаң карантин кезінде де тоқтамапты. 

“Қазір ауылымызда жарық та, жол да, газ да, интернет те бар, енді міне жол мәселесін шешудеміз. Коронавирус пандемиясынан аман-есен шықтық. Бұл кезде оқушыларымыз, үйлеріне оралған студенттеріміз еш қиналмастан қашықтан оқыса, мемлекеттік мекемелер жұмысты онлайн жасады”, – дейді ауыл әкімі.

Ауыл басшысы сапалы желі орнатылғалы бері тұрғындардың мемлекеттік қызметкерлерге деген сенімі артып, қарым-қатынасы жандана түскен. 

“Өзім осы ауылдың тумасы болғандықтан, жұрт мені жақсы таниды, сенеді. Егер бір жағдай орын алса, маған тікелей WhatsApp желісіне жазып, хабар береді. Ауылдықтар цифрлы өмірге әбден үйреніп алған. Құжат алу қажет болса, “Электронды үкімет” арқылы тапсырыс беріп, пошта арқылы алғызады. Үйлерінде компьютерлері жоқтар әкімдікке келіп, жұмыстарын бітіріп алады. Тіпті кейде ұшаққа, теміржол билеттерін, басқа қалаларда өтетін концерттерге билетті онлайн алып беруге көмек сұрайтын адамдар болады. Барлығына көмектесуге тырысамыз. Өйткені ауыл тұрғындарының онлайн өмірге толықтай көшіп жатқандары қуантады”, – дейді әкімдік қызметкерлері.

Әкімдік ғимаратынан шыққан бойда жолымызда кездескендердің бірі Мұрат Өтепов есімді ауыл ақсақалы болды. Оның сөзінше, шілденің шіліңгір ыстығында тұрғындардың барлығы үйде отырып, кеш ауа шағын елді мекеннің өмірі жандана түседі. 

“Мұндай ыстықта интернеттің орнатылғалы әсіресе балалар үшін жақсы болды. Үйлерінен шықпай, мультфильмдерін көріп отыра береді. Өзіміз де ағайын-туыстарымызбен емін-еркін сөйлесіп, хабар алмасып отырамыз. Қазір, міне, қолма-қол ақша ұстаудан қалдық. Зейнетақымыз түссе, бәрін банк қосымшалары арқылы төлей саламыз. Бұрын осы үшін поштаға сағаттап кезекте тұрушы едік. Жоғалған малымызды іздеу үшін де осы WhatsApp-ты пайдаланатын болдық”, – дейді қария.