Жақтары сынып, бастары жарылған, көздері көрмей қалған: "Arasha" баспанасының жетекшісі тұрмыстық зорлық құрбандары жайлы айтты

06 мамыр 2022, 16:23

Қазақстанда тұрмыстық зорлыққа тап болған әйелдердің көбі көрген қорлығын жеке басының мәселесі деп есептейді. Тағдыр тәлкегіне ұшырағандар зомбылық әрекеттеріне он жылдап төзіп жүре береді екен. Бұл туралы "Arasha" баспанасының жетекшісі Маргарита Өскембаева айтады. “Қазақстанның тең құқықтар мен мүмкіндіктер институты" қоғамдық қорының әлеуметтік жобасы 2017 жылдан бері 500 мыңнан аса адамға көмектескен. Оның ішінде ер адамдар мен балалар да бар. Stan.kz тілшісі қоғамдық қор басшысымен сұхбаттасып, баспана тұрғындарынан оқиғаларын сұрады.

500 мыңнан аса адамға көмектестік
Елімізде, өкінішке орай,  зорлық-зомбылық фактілері өте көп кездеседі. Осыдан 5-10 жыл бұрын бұл мәселеге лайықты деңгейде көңіл бөлінбейтін. Өйткені бұл – әр әйелдің жеке мәселесі ретінде қарастырылатын. Қазіргі таңда мемлекеттік саясат деңгейінде қарастырылып жатыр. Зорлық-зомбылыққа қарсы жүйелі шараларды қолдануымыз қажет екенін президентіміз де өзінің жолдауларында ұдайы айтып келеді. Басты мақсатымыз – зорлық-зомбылыққа қарсы өзіміздің кішкене болсын үлесімізді қосу.  5 жылдан бері  500 мыңнан астам адам бізге келіп жүгінді. Біз стандарт бойынша жұмыс істейміз, яғни бізде 6 айға дейін тұруға құқылы.

Әрине, бізге келетін балалы әйел адамдардың көбінің басында баспанасы жоқ. Былайша айтқанда, бізге келердің алдында пәтер жалдап тұрған. Бізден кетер алдында да "Енді қайда барамыз?" деген үлкен сауал тұрады.

Қор президентінің айтуынша, баспана ашылған жылдары мемлекеттен қолдау болған. Биылдан бастап дағдарыс орталығы қолдаусыз қалған тек бей-жай қарамайтын азаматтардың қаржылық көмегі арқасында күн көріп отыр.

Бүгінгі күні баспанада 20 адам бар. Соның ішінде 15 бала, қалған бесеуі аналар.

“Ал күннен күнге біздің көмегімізге мұқтаж әйелдер көбейіп келеді. Көмекті іздеген әйелдер сенім телефонына да, маған да хабарласады. Қазіргі таңда тек қана жеке тұлғалардың көмегімен баспанамыз жұмыс істеп тұр. 

Тіпті бір нәрестеміз жаңа туған, жан сақтау бөлімінде жатыр. Жүкті кезінде әйелі күйеуі тарапынан ұрып-соғуға тап болып, босану жағдайы үйде өткен. Баланың өкпесі дұрыс істемей, қиналып қалған, – дейді Маргарита Өскембаева.

Әйелдердің көбі зорлықты жеке басының мәселесі деп қарайды

Айтуынша, баспанаға келген әйелдердің көпшілігі зорлық-зомбылықты көп көргендер.

“Жақтары сынып, бастары жарылған, көздері көрмей, құлақтары естімей қалған әйелдерді де көрдік. Осындай қорлыққа 10 жылдап шыда жүргендер қаншама. "Неге осыншама уақыт шыдап келдіңіз? Неге біздің көмегімізге ертерек жүгінбедіңіз?" - деген сауалға басым көпшілігі мұндай қордың, мұндай типтегі мемлекет тарапынан көмектің бар екендігін білмегендерін айтады. Жеке басының мәселесі ретінде қарап, шеше алмай қиналып жүре берген”, – дейді ол.

Аналарымен қоса балаларының өздеріне де үлкен психологиялық соққы болады дейді қор жетекшісі. Басында баспаналары, жұмысы, тұрақты табысы жоқ, балаларын уақытылы тамақтандыра алмай, тіпті емханаға барып қарата алмай отырған аналардың көптігін маман баса айтады.

“Әкелері балаларын тікелей ұрмаса да, аналарын көргенде қатты қиналады. Қазір бізде екі баласы бар ана бар. Үлкені – жетіде, екіншісі – бесте. Ұрады, ұрсады үйімізге, әкемізге қайтпаймыз деп отыр”, – дейді ол.

Айтуынша, далада қалып кеттім, үйім жоқ, ақшам жоқ" деп  адамдар күнде хабарласады. Осындай қоңырауларға жауап бере отырып, еліміздің тең жартысы ауыр жағдайда жүр деген ой келеді.

Сондай-ақ, Маргарита Өскенбаева отбасында зорлық-зомбылықты тек қана күйеуінен көрмейді, онымен қоса ата-енесі, тустары, тіптің өзінің бауырларынан да зардап шегуі мүмкін екенін айтады.

“Өкінішке қарай, қазіргі таңда ата-аналары да қарамай кететін жағдайлар кездесіп жатады. Ковидпен ауырған уақытында ата-анасы үйден қуып жіберген 4 баласы бар, бесіншісіне екіқабат әйелді де кездестірдік”, – дейді қор жетекшісі.

Әйелдердің 40 пайызы өз отбасыларына қайтып оралады

Баспана сегіз түрлі: психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік, педагогикалық, экономикалық, сияқты көмек көрсетеді. Қиналып келген әйел алты айға дейін баспанада тұра алады. Кейбір жекелеген жағдайларда, баланы босануына байланысты тоғыз айға дейін тұруға мүмкіндік беріледі.  

“Баланың емделуіне, білім алуына, сондай-ақ әйел адамдардың құжаттарын реттеп алуына барынша заңды тұрғыда көмек көрсетеміз. Жылына жүз адамнан астам адам бізді келіп паналайды. Әйелдер бізге келіп денсаулықтарын түзеп, психологиялық әл-ауқатын дұрыстап  тұрақты жұмысқа орналасады. 40 пайызға жуығы өз отбасыларына қайтып оралса, кейбірі бізге қайтып келіп жатады.  

Психологтардың айтуынша, бір рет қол көтерген азамат алдағы уақытта да бұл ісін тоқтатпайтын болады.  Яғни, бұл жағдай көп жағдайда қайталана беретін болады. Әйел адамдар ұзақ уақыт көлемінде шыдап, балалары үшін төзіп жүре береді”, – дейді Маргарита Өскенбаева.

Алматылық Сәуле (аты өзгертілді) баспанада жолдасы, балаларымен бірге бір жылдан бері тұрады.  

“Жолдасым екеуміздің арамызда мәселе болған жоқ. Қазіргі таңда жолдасым, алты балам, барлығымыз осы жерде тұрып жатырмыз. Бұған дейін пәтер жалдап, суық жерде тұрып, көп қиындық көрдік. Орталық барлық жағынан да жылы қарсы алды. Жылылығы сонша, балаларымыз әбден үйреніп қалды. Тіпті бұл орталықтан кеткілері жоқ. Осы уақытқа дейін мұндай деңгейдегі жақсылықты көрген емеспіз.

Әсіресе, балалардың қуанышы.  Орталыққа келгелі бақытты. Біз мысалы, мұндай мөлшердегі ойыншықтарды алып бере алмадық. Киім-кешек, ішкен асымызға дейін, тіпті жеміс-жидек те бір уақытқа болсын үзілген емес. Барлық жағдай жасалған.  Бастығы бізге әке-шешеміздей болды. Барар жерім, басар тауым болмады. Осы уақытқа дейін бұндай жердің бар екендігі туралы білген емеспін. Түске дейін көшеде жүріп, ақыр соңында учаскелік полиция қызметкері бізді осында алып келді. Бізге пана болған мекен. Өзім жұмыс жасаймын, жолдасым балаларға қарайды. Үлкен ұлым – студент”, – дейді көп балалы әйел.

Орталықтың тағы бір тұрғыны мұнда үш баласымен тұрып жатыр. Кенже сәбиі қазіргі уақытта орталық көмегімен ем алып жатыр.

“Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласынанмын, үш балам бар. Осы орталықта тұрып жатқаныма алдың айдың көлемі болды. Орталық туралы ғаламтордан қарап білдім. Орталыққа келген соң заңгердің, психологтің көмегіне жүгіндім. Қазіргі таңда тұратын жеріміз, ішер асымыз, киер киіміміз тегін.  Тұрақты  мекенжайға, 29-ыншы поликлиникаға тіркеліп,  қазіргі таңда қызым оңалту орталығында ем алып жатыр”, – дейді әйел.