Жамбыл облысында 16-17 жыл бұрын кезекке тұрғандарға енді жер беріле бастады

18 мамыр 2022, 23:29

Таразда 2005-2006 жылдардан бері жеке тұрғын үй салу үшін кезекте тұрғандарға жер телімдерін беру процесі басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Таразда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер кезегінде тұрғандардың жалпы саны – 102 925.

«Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметі автоматтандырылғаннан кейінгі 1 айдың өзінде 30 мыңға жуық азамат тіркеліп үлгерген. Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Беркінбек Бижігітовтің айтуынша, «Қарасу» (Құмшағал) алқабына инфрақұрылым жүргізіліп, жер телімдерін (1460) бөлу жұмыстары басталды. «Кезектің басындағы 4477 адамға хабарландыру қағазы жіберілді. 2005 жылы кезекке тұрғандар толығымен және 2006 жылдың 30 маусымына дейін тіркелген азаматтар қамтылды», - делінген Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Сондай-ақ, қаладағы «Орталық базарға» қарама-қарсы 312 га жуық жер телімін мемлекет қажеттілігі үшін қайтарып алу жұмыстары да қолға алынған.

«Жер телімдері алынған соң құрылыс бөлімі инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын атқармақ. Осы жер телімдері жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіндегі азаматтарға берілетін болады», - деп толықтырады баспасөз қызметі.