Жамбыл облысында жүрек-қан тамыр аурулары артып келеді

02 наурыз 2022, 15:06

Меркіде жаңадан ашылған орталық тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің әдісін өзгертпек 

Меркі аудандық ауруханасында ашылған Жастар орталығына үш мыңға жуық адам көмек сұрап келген. Аурухана басшысы шаң басып жатқан жертөлені толықтай жаңартып, жастар орталығына айналдырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

 
Отбасындағы келеңсіздіктен, өмірден қажыған жастар мұнда үстел теннисі, жаттығу залы сынды өзгеиде спорт түрлерімен айналысып қана қоймай, әлеуметтік отбасылық дәрігерлердің көмегін тегін алады. Одан бөлек күнделікті дұрыс тамақтану, өмірдегі өзге де зиянды әдеттерден аулақ жүруді де үйретеді. Орталыққа 14 пен 29 жас аралығындағы жастар кез келген уақытта келіп, психологтың кеңесін де ала алады.

«Мына құмыраның ішіне құрсақтағы сәби бейнеленген. Сосын түтікше арқылы темекі түтіні жіберілгенде іштегі сәбидің қалай уланып, қиналатынын көзбен көруге болады. Мына стақандардың ішіне әртүрлі спирттік ішімдіктер бейнеленген. Қызыл лентаны  тартып, арнайы аппараттағы көзілдірікті жастарға, жасөспірімдерге кигізіп, жүргіземіз. Көзілдірікті кигенде адам ішімдік ішкендей өзін өзі басқара алмайды. Масаң күйдегідей көзі қарауытып, басы айналады, аяғы теңселеді. Осы бөлмедегі өзге де заттар арқылы жасөспірімдерді қоғамдағы түрлі қауіптерден, қылмысқа барудан сақтандырамыз. Одан бөлек әртүрлі тағамдардың ағзаға әсерін де жастар тікелей көре алады», - деді Жастар денсаулық орталығының дәрігері Зәуре Мұхамбетова.  
Облыстық денсаулық басқармасының мәліметінше, алғашқы көмек көрсетудің әдістері еуропалық стандартқа сай ашылған. Ауруханадағы тәжірибе еліміздегі басқа да медициналық мекемелерге қолданылмақ. Алдымен Талас, Қордай аудандарындағы орталық ауруханалар тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің әдісін өзгертпек.  

Жобаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолдаған. Аудандық аурухана басшыларының сөзінше, қызметкерлер адамды ауыратын халге жеткізбеудің жолымен де айналысады. Ауруды емдеу науқастың өзіне да, мемлекетке де көп шығын әкеліп жатыр. Келеңсіздікті азайтудың жолы ретінде қызметкерлер адамды қарау, тексеруден бөлек, халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын тікелей бақылауға алмақ. Жаңа әдістің тағы бір ерекшелігі, науқасты дәрігерлер ғана емес, орта деңгейлі қызметкерлер де тексеріп, емдеу жолдарын көрсетіп бере алатындай дәрежеге көтерілуі тиіс. 

«Ауру қайдан пайда болады? Барлық мәселе отбасында. Адамдар дұрыс тамақтанбайды, әлеуметтік жағдайы қалай, отбасында психикалық жағдай нашар болуы мүмкін дегендей. Сондықтан, әрбір учаскедегі әлеуметтік қызметкер ауырып келген отбасыға арнайы портрет жасайды, ол жерде қандай проблема бар, аурудың қайдан шыққаны, себебі деген сияқты түрлі мәселелер қарастырылып, бағаланады. Сосын сол әлеуметтік мәселелер арқылы әкімдік арқылы көмек көрсету немесе отбасындағы адамдармен, ата-анасымен жұмыс жасау деген сияқты жұмыстар атқарылады. 

Әлеуметтік  қызметкерлер дегеніміз арнайы дайындықтан өткен мамандар. Олардың басты мақсаты - өз учаскесіндегі әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау. Осы әлеуметтік қызметкерлер отбасының мәселесін, мысалы әкесі мен анасы жұмыссыз болса, әкімдікке шығып, жұмыс тауып беруге, АӘК тағайындауға, өзінің заңдық құқығын білмейтін тұрғындарға кеңес беруге де дайын болады. Жаңа жобаны Қордай, Рысқұлов, Талас аудандары және Шу қалалық емханасына енгіземіз. Бізге қолдау көрсетіп отырған «Premy Health Care» ұлттық ассоциациясы. Олар бізге нақты мамандарды беріп, қалай ұйымдастыру керек, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, оларды оқыту, адами капиталға инвестиция жасау», - деді Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Жамбыл облысының орталығында 9 емхана, 10 ауданында 22 аурухана бар. Басқарма басшысының сөзінше, облыстағы 60-қа жуық медициналық қабылдау пунктерін жаңарту керек. Жаңа тәжірибе тиімді екенін көрсеткенмен, оны барлық ауруханалар қабылдауға материалдық база және маман жағынан да дайын емес. Созылмалы инфекциялық емес ауруларды динамикалық бақылау бағдарламасы бойынша анықтайтын заманауи үлгідегі компьютерлік таразы қойылған. Ол таразы арқылы адам өз ағзасындағы құрылымдық өзгерістерді толық анықтап, қанша пайыз май, қанша минералдар бар екені немесе  олардың жетіспеушілігі сияқты жиырма шақты мәліметті үш минутта анықтап береді. 

 «Қоғамға, адамға бейімделген бастапқы медициналық-санитарлық көмекті құрдық. Бұрын ауруға бейімделген, науқасты емдеуге арналған бағыт болса, енді адамға, әлеуметтік жағдайға бейімделген көмек болып жатыр. Президентіміз халықтың әл-ауқатын жақсарту арқылы денсаулығын түзеу туралы айтқан. Бұл жоба Қазақстанның басқа өңірлерінде жоқ. Жаңағы компьютерлік таразы адамның қолындағы сүйектің салмағын, аяқтағы сүйектің салмағы қанша келі, ондағы блоктың көлемі мен құрамы дегендей денедегі сан түрлі мәліметтерді жылдам әрі нақты анықтап береді. Сосын екі ай сайын әлгі адамды бақылап, ағзадағы бұзылып жатқан баланстардың бәрін алдын-ала анықтаймыз», - деді мекеменің басшысы.
Облыста бір миллионға жуық халық өмір сүрсе, тек Меркі ауданының өзінде 86 мың тұрғын бар. Олардың 16 мыңы денсаулығына байланысты арнайы тізімге алынған. Шалғайдағы ауыл адамдарына сапалы қызмет көрсететін медициналық мекемелер жетіспейді. Көбі ескірген. Басқарма биыл үш аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Ал 2025 жылға дейін алпысқа жуық мекемені жаңаламақ. Тұрғындар арасында жүрек- қан тамыр аурулары алдыңғы қатарда.    

 «Біз үш принципті қолдандық, біріншісі, емханада кезек күттірмей медициналық қызмет алу, ол үшін бүкіл қызметтерді электронды денсаулық сақтау жүйесіне 100% өткізіп, науқастар үйде отырып дәрігердің қаралуына жазыла алады, одан бөлек QR кодтар арқылы да кезегін алдын ала алып қояды. Осы арқылы біз ауруханаға келетін науқастардың сағаттап кезекке күтуін жойдық. Ең бастысы электрондық жүйе арқылы тұрмыстық сыбайлас жемқорлық жойылды. Екінші, емханаға келетін барлық науқастардың бағытын ажырату. Яғни, сау науқастарды ауру науқастардан ажырату. Сол себепті, біз дені сау, скрининг-профосмотрға келетін науқастарды жасыл аймаққа қарай, ал консультациялық, диагностикалық ем алуға келген науқастарды сол жаққа, сары аймаққа бағыттадық. Жеке жедел медициналық көмекті қажет ететін науқастарды қызыл аймаққа орналастырып, 10 минутқа дейін медкөмек көрсетіліп, науқасқа төніп тұрған өлім қаупін азайтып, жағдайын тұрақтандырып, реанимация бөліміне жатқызады. Дамыған елдерде бұл жоба адамдардың өмір сүру ұзақтығын жақсаруға құрылған. Біз осы әдісті елге әкелдік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық кеңсесінің директоры Мэлита Якуп пен Азиялық кеңсенің директоры Арнольдес Юргутис келіп, көріп кетті», - деді Меркі аудандық Орталық ауруханасының бас дәрігері Жанар Оспанова.