Жаңа коллекциялық монеталар айналымға шығады

16 желтоқсан 2022, 00:09

"TOǴYZQUMALAQ" және Әлем чемпионатына арналған FIFA WORLD CUP QATAR 2022 тиындары. 

TOǴYZQUMALAQ - ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізілген қазақтың көне ұлттық ойыны. Логикалық ойлауды дамытуға арналған зияткерлік үстел ойыны енді арнайы монета бетіне басылып отыр. Күмістен жасалған туындыға тоғызқұмалақтағы 162 шар енгізілген. Ортасы ою-өрнекпен көмкерілген. Номиналы 500 теңгелік монетаның 26 мың данасы, 100 теңгенің 100 мың данасы таралымға шықпақ.

"Тоғызқұмалақ монетасын жасау кезінде 2 жаңа технология қолданылды. Бірнішісі - екі нүктелі алтын жалату арқылы. Яғни сіз монетадан алтын шарларды көресіз. Ал, екінші технология – бір жақты тотығу. Яғни, монетаның бір жағы қою black proof, ал келесі беті қарапайым proof. Тоғызқұмалақ –логикалық ойын. Сарапшылардың пікірінше, мұндағы комбинациялар саны шахматтағыдай дерлік, бірақ көбісі одан да көп дейді. Қазір бұл ойын ұмытылып барады. Сондықтан, ұлттық ойынды қайта жаңғыруды мақсат еттік десек те болады", деді ҚР Ұлттық банкінің бас дизайнері Алмат Басенов.

Ұлттық банк "Спорт" монеталар сериясынан да жаңа туынды  жарық көрді. Футболдан әлем чемпионатына арнап FIFA WORLD CUP QATAR 2022 коллекциялық монеталарының дизайнын халықаралық футбол федерациясы бекіткен. Орташа деңгейде алтын жалату технологиясымен жасалған бұл еңбек монеталық өндірісте алғаш рет қолданылып отыр. Мұндай ерекешлік доптың көлемін бөліп көрсетеді. Сондай-ақ, тиынның өзі 925/1000 сынамалы күмістен жасалған. Жалпы таралымы 4 мың дана.

"Бұл біздің әлем чемпионатына арнаған 4-ші монетамыз. Алғашқысы 2006 жылы Германияда өткен футбол ойынына арналған еді. Әлемде 50-ден астам монета сарайы бар.  Мұны шығаруға тек сапалы тиын дайындайтын 4-5-еуіне ғана рұқсат етілді. Қатарында біз де бармыз. Бізде соңғы технологиялар қолданылады. Әлемдегі ең үздік бестікке кіреміз. Сондықтан бұл статусқа лайықпыз", деді ҚР Ұлттық банкінің бас дизайнері Алмат Басенов. 

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған. Олардың сатылымға шығатын күні Қазақстан Ұлттық банкі ресми сайтында қосымша жарияланатын болады.

Дереккөз: inbusiness.kz