Жаңақорғанды су басып, тұрғындар қайықпен жүр (видео)

19 қаңтар 2022, 19:17

Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданында бір күнде толассыз жауған жауыннан көшелерді су басып қалды. Көлге айналған көшелер көпшілікті әбігерге салып қойды. Бірақ мұндай жағдайға жергілікті жұрт үйреніп қалғандай, деп хабарлайды Экспресс К.

 

Тұрғындар жауын суы толған көшеге қайықпен шығып, көпшілікке видеомен сәлем жолдады. Ең қызығы көшенің қақ ортасында қайықпен жүрген азамат қолына қармақ ұстап алыпты.

 

Бүгін 19-қаңтар. Абай көшесінен балық ұстап отырмыз. Шағымымызды осылай жеткізбесек, басқа амал қалмады. О, міне, қармақ қапты!, — дейді тұрғын видеосәлемдемесінде.

 

 

Бейнежазба көңілді көрінгенімен, бұл көшелерді жауын суынан тазаламаған әкімдіктің әрекетіне деген тұрғындардың базынасы секілді.

 

Ал желі қолдануышлары да жазбаға әкімдікті сынап пікір білдірді. "Әкімдік көше мемлекеттікі, балық та біздікі деп жүрмесін", "Үкімет жаңбырды неге жаудырдыңдар деп айыппұл салуы мүмкін" — деп сықатқан желідегі жұрт.